Депутаттық сауалға шикі жауап дайындаған шенеуніктерді жауапқа тарту керек
2017 ж. 01 ақпан
2247
0
"Ақ жол" партиясы қазақи дәстүрлі мал шаруашылығын дамытуды қолдап Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б.Ә. Сағынтаевқа
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Біз, «Ақ жол» фракциясының депутаттары, 2016 жылғы 7 желтоқсанда агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарлама тұжырымдамасындағы наразылық туғызған бірқатар баптары бойынша депутаттық сауалды жолдаған болатынбыз.
Естеріңізге салар болсақ, бұл сауалда біз қазақи дәстүрлі мал шаруашылығына субсидияның неге азайып, оның есесіне шошқа мен тауық өсіруге субсидияның күрт өскені туралы сұрақ қойғанбыз.
Атап айтқанда, құс етін өндіруді субсидиялау 9 млрд. теңгеден 13,5 млрд. теңгеге, яғни 1,5 есе өссе, сонымен қатар ірі қараның етін өндіруге берілетін субсидия 10 млрд. теңгеден 7 млрд. теңгеге, яғни дәл сол 1,5 есеге кеміген.
Шошқа өсіруді субсидиялау 16,5 миллионнан 315 миллион теңгеге, яғни 19 есеге артып (!), ал жылқыны асылдандыру үшін субсидиялау 387 миллионнан 126 миллион теңгеге дейін, яғни 3 есеге азайту жоспарлануда.
Біз шошқа мен құс өсіру саласын қолдауға қарсы емеспіз. Біздің сұрағанымыз - қазақ ауылдарының күнкөріс көзі болып отырған, дәстүрлі қазақи мал шаруашылығын (яғни жылқы, ірі қара, қой, түйе) басқа салалардан кем қоймай үкіметтік қолдау көрсету еді.
Бірақ өкінішке орай, ұлы Абай айтқандай, баяғы жартас бір жартас, қаңқ етер түкті байқамастың кебін киіп, бізге 6 қаңтарында (№11-21/4030) Үкіметтен анық жауабы жоқ хат келіп түсті. Ол хатта нақты қойған сұрақтарға баршаға белгілі, тіпті біздің сауалымызда көрсеткен цифралары тізбектеліп жазылған.
Ал, біз сұраған ауыл шаруашылығының барлық салаларына тең жағдай жасап, ірі қара және жылқы шаруашылығын қолдауды төмендетпеу мәселесі жөнінде бір ауыз сөз жоқ.
Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясының депутаттары, түскен хатты біздің сауалымызға сай жауап ретінде қабылдауға келіспейді.
Біз аталмыш сауалымызда қойған сұрақтарға, яғни дәстүрлі мал шаруашылығын лайықты деңгейде қолдау туралы Үкіметтен қайтадан анық және мазмұнды жауап беруді сұраймыз. Бұл деген тек жеке пікіріміз ғана емес, бұл өркениетті мемлекеттің заңдылығы. Баршаңызға мәлім, жақында ғана Елбасымыз Үкімет пен Парламент құқықтарын кеңейтуге және де оларды өзара балансқа келтіру жөнінде Конституциялық реформасына ұйтқы болды.
Ал, депутаттық сауалымызға шикі жауап дайындаған шенеуніктерді тиісті жауапкершілікке тартуды өтінеміз.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясы депутаттары