Әбілязовтің серігі Жарымбетов: Мен қашудан шаршадым
2017 ж. 31 қаңтар
1729
0
Қуғындағы бұрынғы банкир әрі оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтің серігі, Қазақстан билігі Түркиядан алдырды делінген Жақсылық Жарымбетов өзінің Мұхтар Әблязовтің" қылмысына қатысы барын" жоққа шығарып, тергеуге болысатынын мәлімдеді. Бұл турады Азаттық хабарлайды.
Бүгін Астанада өткен баспасөз конференциясында Жақсылық Жарымбетов өзін 17 қаңтар күні Стамбулдың Sabiha Gokcen әуежайында полиция "жалған паспорт жасау" айыбымен ұстағанын растады. Бірақ ол "Ойлана келе полицияға өзімнің кім екенімді айттым. Қашудан шаршадым" деді. Ол бұдан соң полиция Қазақстан консулдығына хабарласуға рұқсат бергенін айтты. Жарымбетовтің сөзінше, оны Қазақстан арнайы қызметі ұшақпен елге алдырған.
Жарымбетов баспасөз конференциясында "Әблязовтің айналасындағы адамдардың өзін бұрынғы банкирмен байланыстыра ақпарат таратып жатқанын" және отбасына қысым көрсетуге тырысып жатқанын айтты. Оның сөзінше, "Әблязовтің адамдары өзінің Қазақстанға жеткізілгенін саясатпен байланыстырғысы келеді". Жарымбетов Әблязовпен бірге жұмыс істегені болмаса оған қарсы қылмыстық іске қатысы жоғын айтты. Ол Әблязовпен қатар тағылған "қаржылық алаяқтық жасады" деген айыптың өзіне қатысы жоғын айтып, Қазақстандағы тергеумен тығыз жұмыс істейтінін мәлімдеді.
25 қаңтарда Open Dialog ұйымы арнайы мәлімдеме таратып, Жақсылық Жарымбетовтің Түркияда жүрген жерінен "ұрланғанын" хабарлаған. Польшада орналасқан құқық қорғау ұйымы Жарымбетовтің әйелі Ақмарал Жарымбетоваға сілтеме жасай отырып, бұрынғы банкирдің 17 қаңтар күні Стамбулдағы Sabiha Gokcen әуежайында "еш негізсіз ұсталғанын", "түрік билігінің оған адвокат шақыруға мұрша бермегенін", "кейін оған жалған төлқұжат жасау айыбы туралы хабарлағанын" жазған.
Open Dialog-тың мәлімдемесіне сәйкес "21 қаңтарда Қазақстанның арнайы қызметі Жарымбетовті Түркиядан чартер ұшақпен сыртқа алып шыққан". Әйелінің сөзінше, Жарымбетов оған бір мәрте телефон соғып, "үшінші бір елдемін" деп айтып үлгерген. Түркия мен Қазақстанның тиісті органдарынан әзірше комментарий алу мүмкін болмады.