Уақытша тіркелмеген қазақстандықтарға айыппұл салу кейінге қалдырылды
2017 ж. 23 қаңтар
2571
1
Полицейлер уақытша тіркелмеген қазақстандықтарға наурыз айының ортасынан бастап айыппұл сала бастайды. Бұл туралы ІІМ Көші-қон полициясы департаментінің басшысы Серік Сайынов мәлімдеді деп жазады Sputnik Қазақстан.
Өткен аптада уақытша тіркеу қызметі онлайн тәртібінде қолжетімді болды.
Сонымен қатар Серік Сайынов тұрғындардың тіркеуге тұрған-тұрмағандығы туралы полицейлерге дәлелдеуге міндетті емес екенін айтты, деп жазады BAQ.kz.
Журналистердің сауалына жауап берген департамент басшысы полицейлердің алдында уақытша тіркеуге тұрғандығын дәлелдеуге тырысудың керегі жоқтығын айтты.
«Учаскелік инспектор келген кезде, адамдар нақты тұрып жатқан пәтерде уақытша тіркелгендігі туралы дәлелдеуге тырыспауы керек. Инспектор құжатыңызды сұрап, ондағы деректерді жазып алуға ғана құқылы. Ол ақпараттық жүйе арқылы жұмыс орнында қажет мәліметтерді тексере алады», - деді Серік Сайынов.
Сондай-ақ, департамент басшысы тіркеу мәселесі бойынша полицейлер түнгі сағат 23:00-ден кеш келуге тиіс емес екендігін жеткізді. Ал егер көршілердің тыныштығын бұзған жағдайда полицейлер пәтеріңізге келіп шағымның себебін сұрауға құқылы.
«Полицияның учаскелік инспекторы өзі қызмет ететін аумақта кімдер тұрып жатқанын білуі тиіс. Яғни, оның тізімінде жақында абақтыдан босағандар, жиі жанжал жасайтындар бар», - деді Серік Сайынов.