ҰҚК интернет пен байланысты қандай жағдайда тоқтататынын түсіндірді
2017 ж. 23 қаңтар
1955
0
ҰҚК интернет пен байланыс құралдарының қызметін қандай жағдайда тоқтататынын түсіндірді деп хабарлайды ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап NUR.KZ.
«Кейінге қалдыруға болмайтын және ауыр және аса ауыр қылмыстардың, сондай-ақ қылмыстық топ дайындайтын және жасайтын қылмыстардың жасалуына әкеп соғуы мүмкін жағдайларда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, оның орынбасарлары немесе Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органдарының бастықтары не оларды алмастыратын адамдар кейіннен байланыс саласындағы уәкілетті органды және Бас прокуратура жиырма төрт сағат ішінде хабардар ете отырып, жедел-іздестіру қызметінің барлық субъектілерінің мүддесінде байланыс желілерінің және (немесе) құралдарының жұмысын, байланыс қызметтерінің көрсетілуін, интернет-ресурстарға және (немесе) оларда орналастырылған ақпаратқа қол жеткізуді тоқтата тұруға құқылы.
Байланыс желілерінің және (немесе) құралдарының жұмысын, байланыс қызметтерінің көрсетілуін, интернет-ресурстарға және (немесе) оларда орналастырылған ақпаратқа қол жеткізуді тоқтата тұру тәртібі Бас прокуратурамен келісу бойынша жедел-іздестіру қызметі субъектілері мен байланыс саласындағы уәкілетті органның бірлескен нормативтік құқықтық актісінде айқындалады»;
Бұдан өзге көрсетілген баптың 1) тармақшасы, 3-тармағы келесідей өзгертілді:
«1) уәкілетті органнан немесе ұлттық қауіпсіздік органдарынан осы баптың 1, 1-1 және 1-2-тармақтарында көрсетілген нұсқаманы немесе шешімді орындау жөнінде шаралар қолдану туралы талапты алғаннан кейін оны байланыс желілерінің және (немесе) құралдарының жұмысын, байланыс қызметтерінің көрсетілуін, интернет-ресурстарға және (немесе) оларда орналастырылған ақпаратқа қол жеткізуді уақытша тоқтата тұру жолымен үш сағаттан аспайтын уақыт ішінде орындауға міндетті».
Қазіргі кезде заңнамада көрсетілген өзгертулерге кейбір субъектілер тарапынан теріс түсінік беру байқалуда, осы орайда Ұлттық қауіпсіздік комитеті біршама түсініктемелер беруді қажет деп тапты.
Атап айтқанда, жоғарыда көрсетілген құқық нормасы өңірлік интернет-сервистері мен байланыс желілерін жаппай тоқтатуды көздемейді, себебі қолданыстағы заңнамада Бас прокурор мен байланыс саласындағы уәкілетті органға антитеррорлық операция жүргізу барысында, қоғамдық тәртіп пен БАҚ саласындағы өзге де заңнамаларды бұзушылық туындаған жағдайда желілер мен байланыс құралдарын пайдалануды шектеу үшін құқықтық негіз қарастырылған («Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» және «Байланыс туралы»Қазақстан Республикасының Заңдары).
Сонымен бірге ұлттық қауіпсіздік органдары тарапынан байланыс қызметін тоқтату туралы шешім ауыр және аса ауыр қылмыс жасауға соқтыруы мүмкін сыбайластарын ақпараттандыру және іс-әрекетін үйлестіруге жол бермеу мақсатында нақты абоненттерге қатысты қабылданатын болады.
Желілер мен байланыс құралдары қызметін тоқтату Бас прокуратураның келісілген жедел-іздестіру қызметі субъектілері мен байланыс саласындағы уәкілетті органның бірлескен бұйрығы негізінде тиісті операторлармен іске асырылатын болады.