Назарбаева: Ақпараттық қауіпсіздік - ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіндегі басым бағыттардың бірі
2017 ж. 19 қаңтар
2098
1
Бүгін Сенатта Қазақстан Республикасының 2016 жылға дейінгі ақпараттық қауіпсіздік тұжырымдамасын іске асыру қорытындылары талқыланды. Шараға сенаторлар мен мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты, - деп хабарлайды Қамшы.
Кездесуді ашқан Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева ақпараттық қауіпсіздік, жалпы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін дамытудағы ұзақ мерзімді және басым бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтті.
Ақпарат және коммуникация министрінің орынбасары Алан Әжібаев Тұжырымдаманы іске асырудың негізгі қорытындылары туралы депутаттарды хабардар етті. Атап айтқанда ол технология мен телекоммуникацияны дамытудың ахуалына, ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, бұқаралық ақпарат құралдарында отандық өнімді арттыруға, сондай-ақ нормативтік-құқықтық негіздерді жетілдіруге тоқталды.
Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Дмитрий Голобурда ақпарат саласындағы маңызды қауіптерге қарсы мекеменің іс-қимылы жөніндегі алдағы жоспарлары туралы әңгімеледі.
Талқылауға сенаторлар М. Алтынбаев, Н. Әбіқаев, И. Адырбеков, С. Жақсыбеков, Г. Ким қатысты. Пікірталас барысында алдағы кезеңде осы саланы реттеуге арналған стратегиялық құжаттарды әзірлеу мәселелері көтерілді. Депутаттар ақпараттық қауіпсіздік саласын технологиялық тұрғыда және мамандармен қамтамасыз ету, сондай-ақ осы мәселедегі мекеме аралық өзара іс-қимылдың кейбір мәселелеріне назар аударды.
Кездесуді соңында комитет төрағасы Д.Назарбаева талқылау нәтижесі бойынша әзірленген ұсыныстар үкіметке жіберіледі, сондай-ақ заң шығару жұмыстарында ескерілетінін атап өтті.