Елордаға жұмысқа келген бойжеткен Астананы «тоқалдардың» қаласына теңеді
2017 ж. 05 қаңтар
3499
4
Шымкенттік тұрғын Астанада жұмыс істеп жүрген кезін еске алып, бас қала туралы жағымсыз ойымен бөлісті. Елорданы «тоқалдар» қаласына теңеген ол бұл туралы пікірін NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісіне айтып берді.
Өзге таныстарынан Астана туралы оңды пікірлерін естіген ол еліміздің бас қаласын тіптен өзгеше елестетіпті. Алғаш рет әсем шаһарға жолы түскен оның балабақшада небары үш-ақ ай жұмыс істеуіне тура келген. Аз ғана уақытта Астана туралы ойының мұншалықты жағымсыз қалыптасатынын өзі де күтпеген екен.
«Елордаға алғаш рет барған мен бірден жұмысқа кірісіп кеттім. Онда жүріп Астана «тоқалдардың» қаласы екеніне көзім жетті. Оған бәлкім жан-жақтан келген жас қыздардың ауыр жұмыс істегісі келмей, қалталылардың тоқалы болып, материалдық жағдайын түзетіп алғысы келетіні себеп шығар. Үлкен ер кісілердің өзінің туған қыздарымен жасты бойжеткендермен көңіл көтеріп, тоқалы етіп алуы, кәдімгідей өкінішті. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Жақсы адамдар да бар... », - деді Айжан Темірбек.
Сұхбат беруші өзіне де жасы үлкен қалталы бірнеше еркектен тоқал болуға ұсыныс түскенін жасырмайды.
«Қанша жерден жұмысбасты болғаныммен, құрбыларыммен кафе мен мейрамханаларға бармадым емес, бардым. Сонда көргенім, жап-жас қазақтың қыздары үлкен кісілердің, әсіресе өзге ұлт өкілдерінің құшағында жүреді. Ал жас жігіттер болса, керісінше, жасы үлкен, қалталы әйелдердің қасында. Бір-екі рет өзіме де бір-екі ер кісі қымыңдап, тиіскен сәт болды. «Сіздің қызыңызбен жастымын ғой, сіз не деп тұрсыз? Ұялмайсыз ба?» деп бетін қайтардым. Жас қыздардың барлығы қасына келіп, қырындаған еркектердің бетін қайтарса дейсің. Өкінішке қарай барлық қыздар бірдей емес. Қарапайым мысал, би алаңдарында жас жігіттер жүрсе, керісінше, үлкен кісілермен билеп кетеді...», - деген шымкенттік тұрғын «тоқал алу» тақырыбына түбегейлі қарсы еместігін де айтты.
Оның ойынша, тоқал алғысы келетіндер өз қатарластарының арасынан іздеуі қажет.
«Небары үш айдан соң отбасылық жағдайыма байланысты Шымкентке қайтуыма тура келді. Шыны керек, Шымкентте тәртіп деген әлдеқайда күшті. Бәлкім бізде де ер кісілердің жас қыздарға көз тастап, сөз салуы бар шығар? Тек өз көзім ондай жайтқа куә болғаным жоқ және басымнан өтпеді», - деп ойын түйген Шымкент тұрғыны Астанаға қайтып бару туралы ойы әзірге мүлде жоқтығын, барлығы уақыттың еншісінде екенін жеткізді.