ШЫРША МЕРЕКЕСІНІҢ ТӨРКІНІ ТҮРКІЛЕРДЕН БАСТАЛҒАН БА?
2016 ж. 28 желтоқсан
3341
1
Жер-ана ақ көрпесін қымтанып, үскірік аяз дала кезіп, періштенің қауырсынындай ақ ұлпа қар көктен жауған тұста «Жаңа жыл келді» деп қуанатымыз бар. Қоғам тарапы әртүрлі сын айтқанымен, жеме-жемге келгенде, Жаңа жылды дәстүрлі төл мерекедей төрге оздырып, осыдан он шақты күн бұрын ғана күпі кигізген Аяз атаға қалай шекпен жауып жібергенін аңғармай қалады. Арамызда беті нарттай қызарған Санта Клаус пен үріп ауызға салғандай Ақшақарымыз жүреді. Ал біз Күнді қазық етіп айналған ғаламшарлардай шыршаның маңында дөңгеленіп бара жатамыз. Неге? Меніңше, оның себебін аталмыш мерекенің түп-төркіні түркілерге тән екендігінен іздеп көрген жөн секілді. Сары майдан қыл суырғандай етіп, осы мәселенің тігісін сөгіп көрелікші.
Алғашқы сөз
«Жаңа жыл мерекесін ата-бабаларымыз мерекелемеген» дейтіндердің бірқатары Иса пайғамбардың мәулітінен (туған күнінен) ойын жырақ еткісі келсе, енді бір шоғыры осы мейрамда «ақаңнан сілтеп, арып-ашқандарды» айтып, дат білдіреді. Тағы бір тобы қытайдың тарсылдақтарының балалар үшін Әзірейілге айналғанын кесе-көлденеңдетіп, ой-жоралғы етеді. Құп! Мұндай мысалдар байдың малындай көп болғанымен, «көптің түкірігі көлге айналғанын» көрген емеспіз. Керісінше, аталған мерекеге деген сүйіспеншілігіміз күн санап өсетін Толағайдай тау қопарып барады. Дәл осы тұста тізгін тартып, «Жаңа жылды қазақыландырайық» деген бір ауыз сөзді айтатын, жез мұрт Сталиннің идеясындағы жирен сақал, көк көзді Аяз атаның келбетін де өзгертіп, қазақ, қала берді түркі аңыздарындағы кейпіне оралуына септесетін кез келген сияқты. Себебі бұл ел ойлағандай Иса пайғамбардың туылған күні емес. Дәлел керек пе?
Жаңа жыл Исаның (ғ.с.) туған күні емес
532 жылға дейін бүкіл Еуропа христиан дініне сол көзбен қараған Диоклитанның календарын тұтынған. Кейіннен христиан дінін сенімінің тұғыры еткендер Иса (ғ.с.) пайғамбардың туылған күнін Жыл басы еткісі келеді. Десек те, сол кездегі ғалымдардың ешқайсысы Исаның өмірге келген күнін білмейтін болып шығады. Сонда босаға жақта отырған скифтен шыққан есепші жұлдызшы Диониси деген кісі: «Жарықтық Иса пайғамбардың туған күнін мен білуші едім. Ол осыдан аттай 532 жыл бұрын дүниеге келген», – деп, көшпелілер үшін қасиетті сан болып есептелетін 532 деген санды тоқ еткізеді. Яғни сол кездегі көшпелілер табынатын аспан денелерінен Ай 19 жылда бір рет дөңгелегін жаңғыртып отырады. Осы Айдың дөңгелегінің саны – 19 бен Күннің дөңгелегінің саны 28-дің көбейтіндісі – 532. Осылайша, бүгінгі қолданыстағы григориан күнтізбесінің өзін түркілер негіздеп берген. Осы деректің өзі Иса пайғамбардың туған күнінің негізсіз екенін аңғартпай ма?! Ендеше, бұл мейрамның тамыры қай жақта жатыр?..
Алаштың Ақселеуінің бір сөзі
Белгілі этнограф-тарихшы Ақселеу Сейдімбек өз кезеңіндегі қоғамдық пікірге қарсы біткен бұтақтай: «Өмір-тіршілікте шарттылықтар өте көп. Сол шарттылықтардың ең ғажабы адам баласының уақытты межелеуіне қатысты. Мәселен, осы күндері бүкілхалықтық қуаныш ретінде тойланып жатқан Жаңа жыл мейрамын алайықшы. Қалыптасқан ұғым бойынша, Жаңа жыл, яғни 1 қаңтар – Иса пайғамбардың туған күні. Бүкіл христиан әлемі осылай деп түсінеді, осындай деп тойлайды. Ол тойына «Рождество Христова» деп ат берген. Орыстар православ сенімінде болғандықтан, бұрынғы Юлиан күнтізбесінің межесі бойынша, желтоқсанның 25-ін Исаның туған күні деп тойлайды. Мен бір қызықты пікір айтайын. Осы Жаңа жыл тойы арысы Еуразияның ежелгі көшпелі скиф-сақтарының, бергісі бүгінгі түркі халықтарының, оның ішінде, қазақтардың да байырғы мейрамы деп есептеймін», – депті. Әрине, қазақ этно-танымының көксеңгірі бұл сөзді бекер айтпаса керек-ті.
Түркілерге тән белгілер
Аяз атаның шапанының өзі қазіргі қазақ шекпенінен айырмасы жоқ. Қай еуропалық дәл осындай үлгіде киім тіккізіп киген еді? Сол Аяз ата мен Санта Клаустың бөрігіне көз жүгіртіңізші. Тағы да түркілердің келбеті көз алдыңызға келеді. Ал түрлі аң келбетіне еніп, ертегі кейіпкеріне айналу дәстүрі де даланың, жан-жануардың күйін жақсы білетін көшпелілерге тән екені айтпаса да түсінікті. Шырша безендірудің өзі ақтық байлаудан туғаны анық. Кейбір деректер, Аяз атаның түркілік аңыздағы Қызыр ата екенін айтады. Бұл пікір де негізсіз емес болса керек. Себебі түркі елдерінің ішіндегі башқұрт, татар, шұбаш сынды халықтар әлі күнге 25 желтоқсанда «Нартуған» мерекесін той¬лайды.
Аманқос Мектептегі, түркітанушы:
– Өз басым Жаңа жыл мерекесінің түбі түркілерден басталған деген деректерді көрген жоқпын. Десек те, осы мейрамда түркілерге тән кейбір атрибуттар сақталған секілді. Мысалы, жаңажылдық шыршаға келейік. Ғаламдық философияда «әлемдік ағаш» деген түсінік бар. Бұл пәлсапаның түп-төркіні түркілердікі екені рас. Қазір бұл ұғымды кейбір түркітанушылар «байтерек» деп түсіндіріп жүр. Негізі, бұл – «бай тірек» деген сөз. Оның тарихы тікелей руна жазуымен байланысты. Өйткені руналық концепцияда осыған қатысты ұғым-түсініктер көптеп кездеседі. Біздің салт-дәстүрімізде ақтық байлау деген ғұрып әлі де кездеседі. Демек, бұл ғұрыптың тамыры тереңде деуге болады.
Серік Ерғали, түркітанушы:
– Бүгінгі Аяз ата мен Ақшақарыңыз бізге 1930 жылдары Сталиннің бұйрығымен кіргізілген. Түркілер шыршаны «үйілгеннің ағашы» дейді. Үйілген дегеніңіз – «иолған» деген сөз. Өйткені түркі сөздері кейде жуан, кейде жіңішке болып айтыла береді. Яғни «елка» деп жүргеніміз, «иол» «жол», «жолшы» дегенді білдіреді. Сол «жолшыңыз» қазіргі тілмен айтсақ, Қызыр ата деген ұғымға саяды. Сібір халықтарында, яғни түркілерде «күннің туылуы» деген мейрамдар болған. Оны «нартуған» деп атаған. Шубаштар, татарлар, башқұрттар сол нартуғанды қайтадан қалпына келтіріп, тойлап жүр. Оларда «желтоқсанның 21-22-сінде күн өледі де, 25 желтоқсанда қайтадан туылады» деген сенім болған. Осы мерекені Рим империясы Иса пайғамбардың туған күні ретінде енгізіп жіберген. Мұны Еуропаның өзі де жоққа шығармайды. Сонымен қатар, 25 желтоқсанда «ежелгі дінсіз халықтардың күнге табыну мерекесі болған» деген нұсқа бар. Сол мерекеге орай Исаның туған күні белгіленген делінеді. Мұнан ұғатынымыз, Жаңа жылдың бүкіл атрибуттары, ырым-жоралғылары түркілерге тән. Ғұндар Еуропаны жаулағанда барлық құндылықтарын сол елдерге ала барған. Рим им-периясы халықты ауыздықтау үшін амал жоқтықтан осы мерекеге христиандық сипат беруге тырысқан. Осындай деректерге қарай отырып, бұл мерекені «Жаңа жыл» деп әспеттемесек те, күнтізбелік жыл басы ретінде атап өтуге болады.
Мұрат ӘДЖІ жазған «Шыршалар мерекесі»
Мұрат Әджінің «Қыпшақтар» атты кітабының бір тарауы «Шыршалар мерекесі» деп аталады. Мұрат Әджі бұл мереке құдайлар мен аруақтар мекені – Жер шарының тура кіндігінде тіршілік еткен Жер-Судың (Иерсу) құрметіне арналғанын, Жер-Судың жанында үнемі ақ сақалды Үлкен (Ульген) есімді шал жүргенін жазыпты. Түркілер оны үнемі әдемі қызыл шекпен киіп жүрген қалпында көріпті. Ежелгі алтайлықтар шыршалар мерекесін 25 желтоқсанда, Күннің түнді «жеңген» кезінен бастап, түркілер Күннің қайта оралғанына қуанып, Үлкенге (Ульген) алғыстарын жаудырыпты, оған тәу етіпті. Дұғаларымыз Тәңірінің құлағына шалынса деген үміт-арманмен Үлкеннің сүйікті ағашы – шыршаны үйлеріне әкеліпті. Бұтақтарына неше түрлі әсем шүберектер байлапты. Сонан соң дөңгелене қол ұстасқан қалпы шыршаны айналып, «түн кетіп, күн келсін» деп ән салған.
Түйін
Әрине, жоғарыдағы деректерге сүйенсек, бұл Жаңа жылдың қазаққа жат емес екенін аңғарамыз. Сондықтан да күнтізбелік жыл басын исламдық құндылыққа қарсы келмейтіндей етіп, қазақыландыру керек секілді. Өйткені түркілік құндылықтар ешқашан да мұсылмандықты жоққа шығарған емес. Сонымен бірге, аспан денелерін бес саусағындай біліп, табиғат тылсымын зерттеген «астроном» ата-бабаларымыз күн мен түн теңелгенде Наурызды тойлап, ал 25 желтоқсандағы (осы күннен бастап, түн қысқара бастайды) күннің түнді «жеңгенін» ұмыт қалдыруы әсте мүмкін бе? Бұл ой да негізсіз емес секілді. Қанат Бірлікұлы,
Дереккөз: Abai.kz