Ақтөбелік жас маман жұмыстан шыға алмай әкімнен көмек сұрады
2016 ж. 26 желтоқсан
1990
0
Ақтөбелік жас маман Мөлдір Жантекова Ойыл аудандық ішкі істер бөлімінің кадр қызметкері болып жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметкер болу үшін тест тапсырып, одан сәтті өткен жас маман бір айдан бері құқық қорғау саласындағы қызметінен кете алмай жүр екен. Ол құқық қорғау органдары басшылары мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтан көмек сұрады, деп хабарлайды Bnews.kz.
Әкімдер ғана емес, құқық қорғау саласының басшылары да халықпен кездесіп, оларды толғандырған мәселелерді шешудің жолын таба білуі тиіс. Бірақ, мұндай ашық кездесуді прокуратура, облыстық ішкі істер департаменті, ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті ұйымдастырмайды.
Бұл жолы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстың бас прокуроры Нұрғалым Әбдіровті, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Махамбет Абисатовты, сот мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдерін бір жерге жинады. Тұрғындарға құқықтық салаға қатысты сұрақтарды еркін қоюға мүмкіндік жасалды. Кездесу туралы естіген жас маман Мөлдір Жантекова Ойыл ауданынан келген екен. Ол бір айдан бері жұмыстан шыға алмай жүр.
«Жоғарғы оқу орнын бітірген соң мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Арада 3,5 жыл өткенде мемлекеттік тесттен сәтті өтіп, жұмыс орнын ауыстыруға бекініп отырмын. Сөйтіп, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығынан рұқсат алдым. Ал облыстық ішкі істер департаментіндегі құжаттармен қамтамасыз ету бөлімі мені әлекке салып қойды. Арызымды қазақша жаздым, олар маған орысша жауап қайтарды. «Арыз қаралып жатыр» дейді. Ондай да бола ма?», - деп жылап жіберді Мөлдір Жантекова.
Жас маман жалақысы 27 мың теңге болған соң қызмет орнын ауыстыруды жөн көрген екен. Ал басшылар жылды аяқтауды, құжаттарды реттеуді тапсырған екен.
«Арыз қаралып, өтініш қанағаттандырылады. Жұмыстан шыға алмай жүрсе, ол жақсы еңбек ететін маман болуы керек», - дейді облыстық ІІД бастығы Махамбет Абисатов.
Кездесу кезінде Ақтөбе қаласының Заречный ауылының тұрғындары учаскелік полицейлердің мүлде көрінбейтінін алға тартты. Полицейлер көше араламайды, тәртіпті бақыламайды. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев жергілікті полиция қызметінің басшысы Мақсат Шляшевке ескерту жасап, жұмысты жандандыруды тапсырды.
«Қала әкімдігі, жергілікті полиция қызметкерлері үш айы бойы саяжайларды аралап есеп жүргізді. Себебі, ұрлық, дәстүрлі емес дінде жүргендер саяжайда. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін біз саяжайда да тәртіп орнатуымыз керек. Тексеру кезінде 30 мың адамның есепте жоқ екені анықталды. Қазір нақты саны мен карта жасалды. Саяжайға мектеп, балабақша да салынады», - деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.
Кездесу тек қалада емес, облыстың 12 ауданында, бірнеше елді мекенде де болды. Ашық әңгіме кезінде бәрі де көкейдегі сұрағын қойды. Жауап та берілді. Бұған дейін қабылдауына жазылып, есігін қаға алмаған басшылар енді мұндай кездесудің жиі өтетініне уәде етті.