Еркін Ізбасардың анасы: Ұлымды тергеу изоляторында өлтіреді
2016 ж. 18 желтоқсан
5886
3
Еркін Ізбасардың адвокаты мен анасы сұқбат берді.
Еркін Ізбасардың анасы ұлын қамақта өлтіріп тастайтынын айтты деп жазады аймақтағы «Актобе Таймс» басылымы.
— Ұлым Алматыға Конфедерация кубогына кеткен болатын, оны сол арада ұстап алды. Бір уақытта оны бандит, мұнай ұрлайды деп жар салды. Оны естіп, біз есімізден танып қалдық. Ол мұнайды өңі түгілі түсінде көрген емес. Ол мұнайды кім игеретінін де білмейді. Барып тұрған бассыздық қой…
Сот менің ұлымды тергеу изоляторына тықты. Сол арада өлтірмекші! Егер ол ішегін босатпаса, ағзасы уланады, ол өледі. Ең құрымағанда әскери госпитальға немесе үйқамаққа неге ұстатпайды? Бұл дегеніңіз аяғы семген мүгедек, бір бүйрегі жоқ, оң қолының саусақтары жоқ ауру адамды ит қылу.
Тергеу изоляторында ол өледі. Оның ешқашан мұнайға қатысы болған жоқ, неге бұлайша жала жабады?,
— дейді қайғыдан қан жұтқан ана Мейрамхан Ізбасар.
Қылмыс әлемінің серкесі деген Еркін Ізбасарды ақтау үшін Алматыдан адвокат Серік Сәрсенов арнайы ұшып келген.
— Ол адамның бір бүйрегі ғана бар. Ал сизода суық, сыз, жер — цемент. Кішкене суықтаса болды, жалғыз бүйрек те істен шығады. Онсыз да ол адамның бір аяғы жерде, бір аяғы көрде. Ені жағдайды тіптен ушықтырып қойды. Сизода кәсіби деңгейдегі медициналық қызмет қарастырылмаған. Оларда маманданған дәрігер де болмайды. Тіпті, қылмысқа қатысты деп тауып жатса да оны тергеу изоляторына қамамауға болар еді. Үйде оған әйелі мен анасы қарайды.
Адвокат соттың ісінен заңсыздықтарды анықтап та үлгеріпті.
— Сот қаулысы заңнама талаптарына еш сәйкес келмейді. Егер адамды айыптаса, онда оның не бүлдіріп, қашан және қай жерде оны істегенін нақты көрсетуі керек. Қылмыстық топты қалай басқарды, қалай құрды дегендей. Қаулыда қылмысты айғақтайтын ешқандай объективті факті жоқ, — дейді ол.