Астанада көпбалалы отбасыға Назарбаевтың атынан адам ұяларлық сыйлық табыстаған (фото)
2016 ж. 08 желтоқсан
4571
8
Күміс алқа иегерлеріне президенттің атынан берілген сыйлық астаналық Жандос Дүйсекеевтің шамына тиді. Ол сыйлықты көргенде талып қала жаздаған деп хабарлайды NUR.KZ.
Астаналық азаматтың жұбайы алты баланың анасы. Жандос Дүйсекеевтің сөзіне қарағанда, бір апта бұрын қалалық әкімшіліктен хабарласқандар күміс алқа иегеріне тұңғыш президент күні мен тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай елбасының сыйлығы берілетінін ескерткен.
«Астана қаласы әкімшілігінен бір қыз әйелімнің телефонына хабарласты. Тұңғыш президент күні мен тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай елбасының сыйлығына ие болғанымызды, қала әкімшілігінің арнайы қызметкерлері келіп құттықтайтынын айтып, үйде болуымызды өтінді», - дейді Жандос.
Елбасының елеп-ескергеніне риза болған ата-ана бұл жаңалықты ұл-қыздарына айтып, сыйлық келетін күнді асыға күтеді.
«Бала деген арманшыл емес пе? Патшадан алатын сыйлықты әрқайсысы өзінше армандап, бірі компьютер десе, екіншісі смартфон, тағы бірі қорап толы шоколад деді. Үлкен ұлым 4-сынып оқитын еді. Ол үлкендігін білдіріп, тұңғыш президентіміз балақайларға сыйлық бергенді жақсы көреді,таласпаңдар бәрімізге бір-бір қап сыйлық береді, - деп іні-қарындастарын еліктіріп қойды», - дейді алты баланың әкесі.
Жетінші баласына аяғы ауыр көпбалалы ана ауруханаға, бала-шағасы мектепке бармай Астана қаласының әкімшілік қызметкерлерін тапжылмай үйде күтіп отырады. Тіпті дастархан жайып, балалар сыйлық әкелген адамдарға өз өнерлерін дайындапты.
Көптен күттірген әкімшілік қызметкерлері уәде еткен күні түске таяу келген.
«Табалдырықтан аттамастан бір пакетті әйеліме ұстатып, суретке түсіріп, қағазына қол қойдырды да: «Президент атынан құттықтаймыз, сыйлықты қабыл алыңыздар», -деп дастарханға қарайламастан кетіп қалды. Біз аң-таңбыз. Балаларда түсінбей қалды. Бір кезде кішкентай пакетті аштық. Ішіндегісін көріп талып қала жаздадық», - дейді Жандос Дүйсекеев.
Сыйлық ретінде тартылған пакеттің ішінде бір литр сұйық май, бір келі күріш, бір келі қарақұмық, жарты келі қант, екі келі ұн болған.
«Президенттің атынан мұндай сыйлық жасап жүргендердің таяздығына балаларымның алдында ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздадым», - дейді ол.
Көпбалалы әке тез арада өздеріне осы туралы телефон арқылы хабарлап айтқан ұйымдастырушы қызға мұның ұят екендігін түсіндірмекші болған. Алайда әкімшіліктегілер жігіттің өзіне ұрсып тастапты.
«Қайта сіздерді ойлап, осындай сыйлық таратып отырған ұйымдастырушыларға, елбасына рахмет айтудың орнына "жалобы" айтасыздар деп орысша бұрқылдады», - дейді Жандос Дүйсекеев.
Ол балаларының арманын өзім-ақ орындаймын деп отыр.