Мемлекет басшысы Қытай миллиардері Джек Маны Қазақстанға шақырғанын айтты
2016 ж. 02 желтоқсан
2157
4
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қытайлық миллиардерді Қазақстанда жұмыс істеуге шақырды. Бұл туралы Тәуелсіздік сарайындағы Республикалық жастар форумында Елбасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Жақында Қытайдағы Гуанчжоуда G20 саммитінде болдым және осы сапар барысында танымал қытайлық миллиардер, Alibaba компаниясының басшысы Джек Мамен кездестім. Соңғы кездесу кезінде оның айналысып жатқан ісі жайында тыңғылықты сұрастырдым. Ол өз кезегінде 2 млрд. тұтынушыға қызмет көрсете алатын мегакомпания құруға ниетті екенін айтты. Сонымен қатар 100 млн. жұмыс орындарын құрып, табысты кәсіпорындарға қолдау жасамақ", - деп тоқталды Президент.
Осы орайда Н. Назарбаев 17 жылдың ішінде Джек Ма жоқтан бар жасап, миллиардтаған табысы бар компания құруға қауқарлы болғанын атап өтті.
"Яғни барша әлемде электронды сауда тараған. Сонымен бірге сол орындарда бала кезінен компьютермен айналысқан 20-дан 30 жас аралығындағы жастар отыр. Әлемнің кез келген нүктесінен қалаған тауарды жеткізу мүмкіндігі бар. Осы бағыттағы табысты жобалар Қазақстанда енуі үшін және миллиондаған біздің жастар осы жүйеде жұмыс істеуді, табыс жасауды үйренуі тұрғысында оны (Джек Ма) елімізге шақырдым. Менің ойымша, болашақта бұл жоспар жүзеге асатын болады", - деді Мемлекет басшысы.