Ақтөбеде ойран салған лаңкестер өмір бойына бас бостандығынан айырылды (фото)
2016 ж. 29 қараша
2048
0
Бүгін 5 маусымда Ақтөбедегі лаңкестік оқиғаға қатысқан 29 адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды NUR.KZ.
Қару алып, адам өлтіруге қатысқан 9 адамның 7-уі Ж. Қуанышбаев, Ә. Ақпанбетов, Б. Қуанышбаев, А. Таңатаров, А. Рахметов, А. Садихов, А. Ималиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Олардың дүниесі тәркіленіп, ерекше режимдегі колонияға жіберіледі. Сот олардың алғашқы 4 жылын түрмеде өтеуді белгіледі.
Сот Азамат Абдрахмановқа 20 жыл қатаң режимдегі колонияда, алғашқы 3 жылын түрмеде, Айдос Жұбановқа 22 жыл, қатаң режимдегі колонияда, алғашқы 4 жылын түрмеде өтеуге үкім шығарды.
«Абдрахманов басқа да террористік топ мүшелерімен бірге «Паллада» қару дүкеніне шабуыл жасауға қатысқан. Ол қылмыстық жауаптылықтан құтылу мақсатында дүкеннен қарақшылықпен алған мылтығын тастап, белгісіз бағытта жасырынған. Сотталушы Жұбанов басқалармен бірге «Паллада» дүкеніне шабуыл жасауға қатысқан. Қару дүкенінен алған пышақтармен қаруланып, жасырыну мақсатында жедел күзет автокөлігін басқа топ мүшелерімен бірге алып қашуға оқталған. Әрекеттері сәтсіз аяқталған соң белгісіз бағытта жасырынған», - деп түсіндірді облыстық сот хатшысы.
19 сотталушыға түрлі мерзімде жаза кесілді. Оның ішінде "қылмысты хабарламады" деп айыпталған жеті адам бес жылға, жеті адам төрт жылға, үш адам үш жылға, бір адам екі жылға, сотталды.
Ал "қылмысты жасырды" деп айыпталған М.Ердауовқа 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы, Ү.Өтеповке төрт жыл бас бостандығын шектеу жазасы кесілді.
Айта кетейік, мемлекеттік айыптаушылар лаңкестік оқиғаға қатысып, қолына қару алған 9 сотталушының жетеуін өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.