Ресейдегі қазақ губернатор Аман Төлеевтің тағдыры шешіліп жатыр
2016 ж. 17 қараша
8511
4
14 қараша күні Ресейдің тергеу комитеті Кемер облысының губернаторы Аман Төлеевтің орынбасарлары Алексей Иванов пен Алексанр Данильченкоға, сонымен қатар бірнеше қызметкерлеріне қарсы қылмыстық іс қозғады.
Бұл туралы egemen.kz хабарлайды.
Олар 1 миллиард рубльге бағаланып отырған «Разрез «Инский» кәсіпорнының акцияларын бопсалады деп айыпталып отыр. Бірақ губернатор «Екі орынбасарым ұсталды. Данильченко, Иванов пен Троицкая ешкімге керек емес. Оларға керегі менмін. Мен бұны 2 жылдан бері сезіп жүрмін. Қатты талас жүріп жатыр», - деді.
Сонымен қатар ол өзінің орынбасарларына жала жабылғандықтан, оларды қызметтерінен босатпайтынын айтты. Бұл іске ол куәгер ретінде қатысуда. Бірақ сарапшылар Төлеев те орнынан кетуі мүмкін деп болжап отыр.
Аман Төлеев – Ресейде билікте ең ұзақ отырған губернатор. 1997 және 2001 жылдары ол ашық сайлауда жеңіске жетсе, одан кейінгі мерзімдерге оны мемлекет басшысы тағайындаған болатын.
Төлеев 1991, 1996, 2000 жылдары 3 рет президенттікке де үміткер болды. Бірнеше рет партия ауыстырды. 2015 жылы губернаторлық мерзімі біткен кезде сарапшылар оны зейнетке шығады деп болжады. Алайда, Аман Төлеев тағы да сайлауға түсіп, 96,7 пайыз дауыспен жеңіске жетті.
Енді мына оқиғадан кейін көптеген сарапшылар ол губернаторлық қызметті босатады деген сенімде. Ал «Саяси сарапшылар тобының» жетекшісі Константин Калачевтың айтуынша, шахтаға қатысты дау аймақ басшысын ауыстыруға еш әсер етпейді. «Төлеевті федералды басшылық өңірде тұрақтылық пен тәртіп орнатқаны үшін бағалайды» деді ол.
Сарапшылар бұл қылмыстық іс облыстағы ықпалды топтардың арасындағы Төлеев мұрасы үшін күрес болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
«Төлеев — Кемер облысының басшылық символы. Ол болмаса, бұл тұрақтылықты сақтап қалу қиын», — дейді Александр Кынев.
Ал Ольга Крыштановская «Қылмыстық істе губернатор тек куәгер ретінде қатысады. Бірақ бұл шу оның ұстанымдарына әсер етіп, ең біріншіден, федералды орталық атқарып отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат үшін Төлеев орнынан кетуі мүмкін» дейді. Оның ойынша, президент Путин Төлеевке жақсы көзқараста болғандықтан губернатордың саяси тағдыры туралы шешім жақын арада қабылданбайды.