ЕЛ АЗАТ БОЛҒАНЫ ШЫН БОЛСА, - ТІЛ НЕГЕ АЗАТТЫҚ АЛМАЙДЫ?!.
2010 ж. 23 қаңтар
1635
2
Қазыбек ИСА
Қасірет қаптауда қалада- Қазақтар орысша сөйлеуде... Өлікке айналып бара ма, Намыстан айрылған көркеуде...
Отарлап алған ел тілінде Сөйлеуге құмарлық – құлдық қой... Құлдар көп билікте бүгінде Сатқындар аз емес... сұмдық қой...
Құлдар ел басқарса масқара, - Құлдығың қайтадан орнайды... Қазақша білмейтін Астана, Қазақты қалайша қорғайды?
Қожайын тілінде құлдарша Орысша сайрасақ - сол қайғы, Ел Азат болғаны шын болса, Тіл неге Азаттық алмайды?...
Қайран ел қалайша қалғиды? Жау іштен шыққаны – зор қайғы. Қазақша есітпей әлдиді, Өскен ұл ел қорғай алмайды...
Кірмеге кіріптар боп күнің, Кіргізді бар дінді бай мекен... Қолсүйер қолбала көп бүгін, Елсүйер ерлерің қайда екен? Еліме дәл бүгін ие кім? Сенеді кім тілсіз құлдарға? Ұлты үшін күйетін, сүйетін, Ұлтшыл Ер туатын күн бар ма? Жат тілде жалтақтап жаһанға, Жат тілде сөйлейміз Отанға. Бір іліп тастайтын қажетсіз, Тіліміз тойдағы шапан ба? Тіл зарын тартып ед атам да, Тілім деп жылайды ботам да. Шет тілін шекеден қаратар, Біз әлде жүрміз бе отарда? Жағымпаз жантықтар жанында, Құн бар ма Бұқарсыз ханыңда... Көбейсе – көркею орнына, Кемсана кемітер санын да... Жеріңді жатжұрттық жайласа Бабалар бар мұңы тұр есте... Күш егер қазандай қайнаса, Дәрмен де табылар күреске. Шын ерді шыдатпас бұғауға, Ананың тілі мен сүті еді... Ақырып Теңдікті сұрауға Азаттық Алаңы күтеді... Көк туға жеткенмен көш кеше, Көп әлі Қазақтың зар-мұңы. Ақ Орда ешнәрсе шешпесе, Алаңда шешілер барлығы... Мәңгүрт көп айтатын басқаша ән, Салғырт боп жүру де сор қанша... Бұл майдан бітпейді ешқашан, Қазақ тіл – Азат тіл болғанша! Маймыл ғып жіберді Барысты, Кешіксек бәрі де бітеді... Құл болмай, Ұл болсаң намысты, Алаңда ел сені күтеді!...
19.01.2010 жыл