Алматыдағы өрттен қаза тапқан студенттердің өліміне кінәлілер жауапқа тартыла ма?
2016 ж. 10 қараша
2030
0
Әлеуметтік желі қолданушылары Алматыда болған өрттен қаза тапқан студенттердің өліміне кінәлілерді жазалауды талап етуде. Олар бес боздақтың суретін жариялап, аза тұтып жатыр. Бұл туралы Caravan.kz тілшісі хабарлады.
Қайғылы оқиға "Алматы Тауэрс" бизнес орталығының бір ғимаратында жексенбі күні кешке болған еді. Алапат өрт салдарынан 6 адам қаза тапты. Біреуі - 54 жастағы дәнекерлеуші, бесеуі - еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының шәкірттері. Студенттер сол "Алматы Тауэрсте" жұмысқа жалданып, нәпақа тауып жүрген екен. Олардың туыстары бозбалалардың өлімі үшін ғимарат басшылығы мен өрт сөндірушілерді кінәлап отыр. Өйткені куәгерлердің айтуынша, бұлар өрт болып жатқан кезде студенттер болған ғимараттың есігін ашпай қойған. Сөйтіп, балалар сыртқа шыға алмай қалыпты.
Қыршын кеткен студенттер:
Еламан Айдаралиев - әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті физика-техникалық факультетінің 3-курс студенті
Нұрлыбек Сартбаев – әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті физика-техникалық факультетінің 3-курс студенті
Исламжон Исраилов - С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 2-курс студенті
Екубжон Тохтамышов - Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 2-курс студенті
Абылай Зұлпыбеков - Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 4-курс студенті