АШЫТҚЫ ЗАУЫТЫНЫҢ АЩЫ ЗАРЫ
2016 ж. 31 қазан
2622
2
Осы жылдың 23-ші маусымында Ақжол фракциясы, Қазақстандағы тағамдық ашытқы өндіру саласындағы жалғыз отандық өндіруші – Алматы ашытқы зауытының «жетім баланың күйін кешкен» жағдайына байланысты депутаттық сауал жолдаған еді. Жауабы «сиырқұймышақтанып» кеткен осы мәселеге байланысты Мәжілістің соңғы Пленарлық отырысында депутат Берік Дүйсенбинов тағы әңгіме көтерді.
«Аталмыш компания 40 жылдық тарихы бар ауылшаруашылық өңдеушісі болып табылады,-деді ол,- өйткені шикізат ретінде қант қызылшасының қалдықтарын қолданып, нан тоқаш пісіруге қолданылатын ашытқы жасайды.Осы ашытқымен піскен нан әр Қазақстандықтың дастарханында тұр десек артық айтпаймыз, Бірақ, белгісіз себептермен, аталған зауыт 70% дейін азайтылған арнайы салық режиміне кіретін ауылшаруашылық өнімдерін өңдеушілердің қатарына кірмей қалды. Белорусия мен Ресейдің осындай ұқсас өнім өндіруші компаниялары базалық 18%ставкадан жеңілдетілген ставкамен қосымша құн салығын 10% төлеп отырған кезде, ААЗ толық көлемде 12% төлеуде.Нәтижесінде отандық ашытқы сырттан келген бəсекелестердің арзан ашытқысына төтеп бере алмай, ішкі нарықтан ығыстырылуда.
«Ақ жол» фракциясы үшін əрбір отандық өндіруші қымбат! Оның үстіне Алматы Ашытқы Зауыты отандық өндірістегі бүкіл бір сектордағы жалғыз тұрған мекеме!
Осы орайда тағамдық ашытқы өндіруді ҚР Салық кодексінің 267-бабы,2- тармағы бойынша жеңілдетілген бағыттарының қатарына қосуды ұсынған едік.
Өкімет өзініің жауабында Әлемдік Сауда Ұйымының талаптарына сүйене отырып, жоғарыдағы мекемені қолдаудан бас тартқан еді.
Ал, Әлемдік Сауда Ұйымына мүше мемлекеттер мұндай жағдайға түскен өздерінің кəсіпорындарын қолдаудың амалын ойлап табуда.
Сонау 2012 жылы Елбасымыз Үкіметке халықаралық тəжірбиені зерттеп, отандық өндірушілерді қолдау шараларын ойластыруды тапсырып еді. Әлі күнге дейін басқа тапсырмаларында да осыны қадап айтуда.
Сұрақ: Үкімет салықтық ынталандырудың орнына қандай қолдау шараларын жасап шығарды жəне осы саланы қолдау үшін не істемек ойлары бар?»
Үкімет әзірге үнсіз. Ал, қазақстандықтар Ресей мен Беларусьтан келген арзан ашытқымен бауырсақтарын пісіріп, «жеті нан» таратуда. Ал, отандық ашытқы зауытының жағдайы қиындап барады.