Өзекті өртеген өгей сөз
2011 ж. 14 наурыз
1368
0
Егемендігіне жиырма жыл толғалы отырған еліміздің идеологиясы мен инфрақұрылымының осал екендігі қадам сайын көрініс беруде. Тіпті, әлемді кеулеген әр алуан мейрамдардың өзі де бүгінде идеологиялық құралға айналғанын ешкім де жоққа шығармас. Ресми мерекелер арқылы егемен ел өз болмысын қалыптастырады, өзін ардақтатады, өзгеден еректейді, өз қоғамына сай елдік сана түзеді. Сол себепті де, тәуелсізденген елдер мереке біткенді сұрыптап, саясатына сай етуге әрекеттенеді.
23 ақпанның КСРО мемлекетінің тағдырындағы орны ерекше бола тұрып, тәуелсіз Қазақстанның тарихынан ресми түрде ығысуы орынды еді. Өйткені, оның өз әскерінің құрылған 7 мамыр күні пайда болды. Алайда, әлгі қызылармиялық мерекені ресми түрде болмаса да, азаматтардың бір бірін құттықтап, түрлі бастамалармен өз өмірлерінде із қалдырған күн ретінде атап өтуіне қарсы билік тарапынан да, халық тарапынан да, басқа азаматтардан да ашық қарсылық болған емес. Ол туралы қоғамда мәселе жоқ!
Әрине, қазақ армиясы сол қызыл әскер мен флоттың негізінде құрылғандығын айтып, көкпарша айтысқа түскеннен ешкім де береке таппас. Дәл сондай дәйекті Алтын орданың орнына құрылған патшалық Ресей армиясы туралы да ұзақ сонар әңгімеге тамызық етуге болады.Бірақ, одан опа таппаймыз, қанша дегенмен, бірнеше ғасырлар бойы бір пұшпақты біріге илеп келе жатқан еуразиялық тағдырлас халықтармыз.
Ендеше жұртты дүрліктірген мәселе неде? Мәселе биліктегі бірқатар азаматтардың жауапсыздығында. Бәрі де сол 23 ақпанда мәжілісмен БЕРДОНГАРОВ Танирберген Маратовичтің (ресми аты-жөнді аударуды әдепсіз деп шештім) әріптестерін тарихқа айналған және тәуелсіз Қазақстанға қатыссыз мерекемен құттықтауынан басталып еді. Оны дер кезінде байқап, бұрыстығын айтқан депутат Бекболат Тілеухан саясатшыға тән байыппен, ескерту ғана жасады. Мәселе, осымен бітуі тиіс болатын. Бақсақ, Танирберген Маратович бұл әңгімені былтыр да қоздырып, Алдан Смайыл секілді ақсақал әріптесінен де ескерту алған екен. Ендеше, не тұрыс? Алды да бір топ астаналық жас сайлаушылар өз тұрғыласының саяси қатесін бетке басып, оны мандатынан айыруды көтере бастады. Ал елдегі жекелеген телеарналардың орыстілді редакциялары Танирберген Маратовичті жақтайтын болмаса қорғайтын көзқарасқа негізделген көріністер таратуға кірісті.
Қарапайым сайлаушы қай жақтыкы дұрыс деп дағдаруы мүмкін, қанша дегенмен, әлгі «бастамалардың» артында көне мен жаңа құндылықтардың шарпысы көрініске айналып отыр. Шын мәнінде бар мәселе, депутаттың өз мемлекетінің төрінен бүгінде өзге елдің мерекесіне айналған мейрамды қоғамдық дүрлігіске негіз етуі оның көзқарасы мен танымының егемен ел саясатшысына қаншалықты сәйкестігі ғана сарапталуы тиіс еді. Жас сайлаушылар сол дәйекті негізге алып, өз наразылықтарын білдірсе, әлгі 23 ақпан мерекесін аттандатып, қорғауға алған телекөрсетілімдер айдалаға лағып кеткені несі?
Шын мәнінде олар лақты ма? Жоқ! Мәселен, 7-арнаның «Другими словами» аталатын апталық қорытпа көрсетілімі бұл «инсидентті» одан әрі қаза түсті. 26 ақпан күнгі нөмірінде әзірленген арнайы репортажды екі бөлікке бөлуге болады: бірі – екі депутаттың Мәжіліс залындағы екі түрлі әрекеті; екіншісі, сол әрекетті одан әрі журналистік жолмен «дамыту» жағы. Бұл жайтты ұғу үшін сарапшы немесе телемаман болудың қажеті жоқ. Репортаждың алғашқы бөлімі болған жайтты баяндады, одан арғы ойды көрерменнің өз ұғымына қалдырғаны жөн-ақ еді! Аталмыш көрсетілімнің қазақы нұсқасы «Нысана» солай істеді де қойды. Ал, «Другими словами» неге басқа сөзге ұрынды? Репортаж 23 ақпан мерекесінің керектігі мен азаматтардың арасында атап өтілуі ауған соғысында аңызға айналған «Қара майор» - Керімбаевтың және 2-Дүниежүзілік соғыс ардагерінің ауызымен не үшін қорғалды? Түсініксіз. Ол мерекенің керек-керек еместігі жайында әңгіме қозғаудың әлгі Мәжілістегі жайтқа не қатысы бар? Көрсетім авторлары көрер көзге өзіне өзі қайшы келіп отыр.
Мәселе Бердонгаровтың депутаттық қылығы жайында емес пе? 23 ақпанға тірелген не бар? Депутаттың түйе сойып, ат шаптырып, той жасап, ардагерлер мен «ауғандарды» шақырып, мәре-сәре атап өтуіне біреу қарсы ма? Жоқ! Онда неге 7-арна «басқа сөзді» тудырып отыр? «7-арнамен өзгеретін кез келді!» деген слоганның түбінде не болғаны? Тіпті, әлгі репортаждың ақпаратқа молдығы сондай, Керімбаев ерлігі бірнеше сериалға татитын тұлға екендігіне көз жетті! Дұрыс! Ендеше сол тұлға неге «Қара майор» аталатын деректі фильмнің кейіпкері болмайды? 7-арна көрермендері неге ресейлік туындылармен шектелуі тиіс? Неге батырдың тұлғасы қайдағы бір жасанды додаға талғажау болуы тиіс? Қазақ батыры не үшін қитұрқы жайтқа тамызық болып, қоғамдық отты лаулатқыш жойғыға айналуы керек?
Бұл немене, журналистердің біліксіздігі ме? Әлде телеарнаның бөгде мақсатты басқа сөзбен жеткізу ниеті ме? Біз ұқпадық. Бірақ қоғамдағы мұндай жайттар - ішкі саясаттың нысаны, сол себепті тиісті құзырлы органдар тәуелсіз елдің тәуменді болуын қамтуы керек. Елдің ақпарат кеңістігі «басқа сөзбен» былғанбауы, бұра тартатын бұралқы ниетке тойтарыс берілуі қажет. Өйткені, бұл телебағдарламада өздерінше айтқанда: «У них не бывает забытых, закрытых и запретных тем!» Кешіріңіз, болғанда қандай! Елді алатайдай бүлдіретін, болған жайтты басқа бағытқа бұра тарту – тақырыпты талғажау ете отырып, елдің ішкі саясатына қол сұғу; бұл – тек қана арам пиғылдылардың болмаса сауатсыздардың ісі. Ал, қай істе де ондайға жол жоқ! Тыйым ғана бар! Соны күтеміз.
Ал, мандатқа ие азаматтар өздерінің ерке бала емес, елдің арқа сүйері екенін сезінуі тиіс!
С.Әбдірешұлы