ПРЕЗИДЕНТ ӘКІМШІЛІГІ БІРҚАТАР МИНИСТРЛІКТЕРДІҢ ШТАТЫН ҚЫСҚАРТУ ҚАЖЕТ ДЕП САНАЙДЫ
2016 ж. 28 қазан
1859
0
- ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бүгінгі кеңейтілген мәжілісіне қатысқан Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков ұзақ уақыт бойы бос орындарды ұстап, жұмысқа адам алмай жатқан министрліктерді сынға алды. Оның ойынша, аталған мемлекеттік органдар резервте бар адамдарды қызметке қоюға асықпаса, ондай ведомствоның штатын қысқартуға әбден болады, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
"Маған түскен ақпаратқа сәйкес, "А" корпусындағы ваканттық қызметтерге (басшылық - авт.) адам тағайындау жұмысы дұрыс жүргізілмейді. Қазіргі кезде резервтің барына қарамастан, 16 лауазым әлі де бос тұр. Төрт ай бойы алты бірдей министрлікте 8 комитеттің төрағасы әлі тағайындалмай отыр. Ал осы қызметке үміткерлердің резерві 39 адамды құрап отыр", - деді Ә.Жақсыбеков.
Оның айтуынша, мемлекеттік қызмет саласында мамандардың жиі ауысуы басты проблемалардың бірі болып отыр. Соған қарамастан, қаржы министрлігінде 970 қызмет орны бос тұрса, ұлттық экономика министрлігінде - 900-ден астам, ал ауыл шаруашылығы министрлігінде 280 қызметке әлі адам ала қоймаған. Облыстық және аудандық әкімдіктерде де солай болып тұр.
"Негізі, бос тұрған жұмыс орындарының көптігі, басшылардың жиі ауысуы мемлекеттік қызмет аппаратының жұмысына кері әсерін тигізіп отыр. Бізге осыны жан-жақты зерделеп шығу қажет. Қазіргі жағдайға не себеп болды? Неге ол орындар бос тұр? Бәлкім, сол министрліктердің штатын қысқартамыз. Соның арқасында біраз ақшаны үнемдеуге болады", - деп атап көрсетті Президент Әкімшілігінің басшысы.