«Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы вице-президенті 70 миллион долларды қалай ұрлаған?
2016 ж. 27 қазан
1728
0
Бүгін Астанада өткен «Ұрланған активтерді шетелден қайтару және ұлттық қаржы жүйесін дамыту» тақырыбындағы «дөңгелек үстелде» Бас прокурор Жақып Асанов «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы вице-президенті Рүстем Тұрсынбаевтың қыруар қаржыны қалай ұрлағанын айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазатомөнеркәсіп» оффшордан адам ойына келмейтін бағамен күкірт қышқылын сатып алып отырған. Шын мәнінде 70 миллион доллар көлеміндегі барлық маржаны компанияның вице-президенті Тұрсынбаев өз қалтасына басып алған. Қазіргі кезде ол Канада бой тасалап жүр», - деді Ж.Асанов. Айта кеткен жөн, Р.Тұрсынбаев осыдан жеті жыл бұрын шетелге қашып кеткен. Бүгінгі отырыс барысында Бас прокурор қазіргі қаржылық қылмыстарды тергеу жүйесін өзгерту қажеттігін жеткізді. Себебі құқық қорғау органдары нақты бір іспен айналысып жатқанда қылмыскерлер қыруар қаражатты шетелге аударып, елден тайып тұрады. Былайша айтқанда, тергеушілердің барлық күш-жігері бюрократияға кетіп жатыр. Ал ұрланған ақша бірден тәркіленсе, қылмыскер ешқайда қаша алмайды. Осы орайда Ж.Асанов қаржылық тергеулерді параллельді жүргізу меxанизмін қолға алуды ұсынды. Сондай-ақ Қазақстанда шетелдегі қаржыны қайтаруға арналған арнайы жобаның қолға алынғанын ерекше атап өткен жөн. Соның аясында шетелдік мамандар Қазақстанның 10 қызметкерін даярлап жатыр. Осы курстардан кейін олар шетелдік тәжірибені бүкіл аппаратқа тарататын болады.