Қазақстанда төлқұжатқа қосымша дактилоскопиялық параметрлер енгізіледі
2016 ж. 15 қазан
2507
5
Бүгін Ішкі істер министрлігінде «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының заң жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған ведомство ақпаратына қарағанда, заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырысы бойынша әзірленген. Заң жобасын қабылдау жеке басты куәландыратын құжаттарға тұлғаны сәйкестендірудің заманауи технологиясын енгізу қажеттілігінен туындап отыр.
Қоғамдық тыңдау барысында Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов: «Қазақстанда биометриялық паспорттық-визалық құжаттарына қосымша дактилоскопиялық параметр енгізу биометриялық анықтау және сәйкестендіру жүйесін құруға және енгізуге, жалған құжаттарды жасаудан, ал олардың иелерін алаяқтық және өзге қылмыстық әрекеттерден қорғайды», - деді.
Сондай-ақ бұл ақпараттық жүйені пайдалана отырып іске асырылатын мемлекеттік және жекеменшік қызмет көрсетулерінің түрлерін кеңейтеді. Визалық режімді жеңілдетеді және көші-қон қауіпсіздігінің тиімділігін арттырады.
Биометриялық құжаттар ICAO халықаралық стандарттарына сәйкес келеді. Онда адамның беті-келбеті жаһандық биометриялық технология арқылы танылады. Оған қосымша әрбір мемлекет факультативті түрде саусақ іздерін тану технологиясын пайдалана алады.
Тыңдауға қатысушылар тұлғаны сәйкестендіру бойынша биометриялық технологиялардың заманауи мүмкіндіктері әртүрлі мемлекеттердің паспорттық-визалық тіркеу жүйелеріне енгізілгені туралы айтып өтті.
Сонымен қатар соңғы жылдардағы оқиғалар экстремистік құрылымдар мен террористік ұйымдар қызметінің белсенді болуын, еліміздегі бейбіт азаматтарға қарсы бағытта жасалған қылмыстар мен террористік актілердің көбеюін көрсетіп отыр. Осыған байланысты қарастырылатын заң жобасын әзірлеу мен қабылдау өзекті болып отырғаны баса айтылды.
Қоғамдық тыңдау қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға халық арасында БАҚ арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізу, биометриялық паспорттық-визалық құжаттарға қосымша дактилоскопиялық параметрлерді енгізумен байланысты кейбір мәселелерді пысықтау тапсырылды.