Белгілі сенатор тойда мемқызметкерлердің ішімдік ішуін жақтады
2016 ж. 14 қазан
1960
0
Сенатор Людмила Полторабатько мемлекттік қызметкерлердің этикалық (әдептілік) нормаларына қатысты шектеулерді тағы бір қарап көруді ұсынды деп хабарлайды Baq.kz.
«Қылмыстық кодексте көрсетілген қоғамдық орын туралы түсінікте дәмхана, мейрамханалар ұғымы енгізілген. Ал егер мемлекеттік қызметкерлер қандай да бір отбасылық мерекені мейрамханада атап өтіп жатыр делік. Қонақтардың арасында спирттік ішімдік ішуді талап ететіндер болады. Сол кезде ол не істеу керек? Өздеріңіз білесіздер, заңда регламент бекітілген. Этикалық мемлекеттік қызметкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылатын заң бұзушылықтар нақты көрсетілген. Соңғы кездері баспасөз беттерінде мемлекеттік қызметкердің қоғамдық орында мас күйіндегі суреттері немесе видеолары көптеп шығуда. Бұл қызметкерлердің құқығын шектейді. Мемлекеттік қызметкерді тойда немесе отбасылық мереке кезінде бір бокал шарап немесе сыра ішкені үшін оны жазаға тарту дұрыс емес деп ойлаймын. Сондықтан аздап сыра немесе шарап ішкен қызметкерлерді жазалаудың қажеті жоқ. Ал егер ол ішіп, қоғамдық орында шу көтеріп, тәртіп бұзып жатса, енді бұл бөлек әңгіме», – дейді Людмила Полторабатько.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова этикалық кодексте әдістемелік ұсыныстар даярлау кезінде сенатордың өтініші ескерілетінін айтты. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер тек қоғамдық тәртіпті бұзған кезде ғана жұмысынан босатылатынын сөз етті.
«Мемлекеттік қызметкер қоғамға қарсы әрекет істесе немесе мас күйінде рөлге отырса, дәмханада тәртіп бұзып жатса сондай кезде нақты шаралар қолданылады. Жұмыстан шығарылады. Ал қоғамға қарсы әрекет жасамаса, ондай қызметкерлердің жазаламаймыз», – дейді орынбасары Айгүл Шайымова.
Айта кетейік, Қазақстан мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы президенттің жарлығы 2015 жылдың 29 желтоқсанында шыққан.