БАС ПРОКУРОР КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚЫСЫМ КӨРСЕТУГЕ ҚАРСЫ КҮРЕСТІ БАСТАДЫ
2016 ж. 12 қазан
2190
0
ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов жақында ғана өткен алқа мәжілісінде бизнес саласын негізсіз қылмыстық істермен мезі еткен экономикалық тергеу органдарын сынға алып, кәсіпкерлерге көрсетілетін қысымды азайту туралы бастама көтерді.
Кәсіпкерлерді негізсіз тексерген шенеуніктерді жұмыстан шығару керек деген Бас прокурор мемлекеттік бақылау саласындағы былықты тоқтату керектігін баса айтты. Өйткені, соңғы кездері қисынсыз талаптар қойылып, оны орындамағандарды жазалау көбейген. Бұл Елбасымыздың өзі үлкен қолдаМау көрсетіп келе жатқан кәсіпкерлікке кедергілер келтіріп, соның салдарынан істері ілгері баспай жатыр. Ал, тиісті жұмысты Бас прокуратура Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікпен бірлесіп атқаруды жоспарлап отыр.
Бас прокурор кәсіпкерлерге қарсы көрсетілген қысымды ел экономикасының дамуына келтірілген кедергі деп бағалады. Сондықтан жалпылама ақпараттан гөрі, мейлі ол министрдің орынбасары, комитет төрағасы, бөлім басшысы болса осыған жауапты азаматтардың аты-жөнін ашық жариялау керек деді. «Егер тексеру нәтижесінде мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің жартысы жұмыстан қуылса, қорқынышты ештеңе болмайды. Есесіне жақсы сабақ болады. Егер жауапты шенеуніктер жекелей жауап бермесе, жағдай өзгермейді» деді Жақып Асанов.
«Тұтынушылардың арызы бойынша жүргізілген тексерулер жалпы үлестің үштен бірі. 37 пайыз мемлекеттік органдардың бастамасымен өткізілген. Қалғаны кәсіпкерлердің жұмысына мүлде қатысы жоқтардың еншісінде.Бұдан шығатын қорытынды: Мемлекеттік бақылау бәсекелестерді жою немесе кәсіпкерге қысым көрсету үшін қолданылады» деді Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.
Бас прокуратура экономикалық қылмыстарға қатысты абай болуға шақырды. Шешімді атүсті шығару кесірінен кәсіпкерлерге түрлі шектеулер қойылады. Есепшоты, қызметі, барлығы тоқтап қалады. Соңғы кездері шығарылған шешімдерді қайта тексере келген құзырлы орган өкілдері қылмыстардың санын 3 есеге азайтқан. Кей қылмыстық істер әкімшілік істерге алмасты. Соңғы 1,5 жылда 160 мың кәсіпкер түрлі заң бұзушылық үшін 26 млрд. теңге айыппұл арқалаған екен. Кейбірі тиісті төлемді бір күнге кешіктіргені үшін қажетті сомадан көлемі 27 есе көп айыппұл төлеуге мәжбүр болыпты. Сол сияқты кәсіпкерлікке кедергі келтіріп отырған біздегі салықтық мөлшерлемелердің де тым жоғары екені сөз болды. Мұны ескерген бас прокуратура әкімшілік кодекске өзгеріс енгізу жағын қарастырып жатыр.
Бас прокурордың орынбасары Марат Аxметжановтың сөзінше, қылмыстық қудалауға ұшыраған, алайда, қылмыс құрамы болмағандықтан кейін тоқтатылған істердің тергеу xронометражы жасалған. Ол орташа есеппен 90 күнге жалғасқан.
«Бизнесмендерге осы үш айдың ішінде құқық қорғаушылардың барлық қудалау арсеналы қолданылады: тінту, жауап алу, шотқа тоқтам салу. Мұндай қысымға шыдайтындар аз. Мысалы, Мемлекеттік кірістер комитетінің белгісі бойынша, 5,5 млн. теңгеге операция жасалғаны үшін Шымкентте «Интерн Фтор Шымкент» компаниясының қызметі негізсіз үш айға тоқтатылған. Оған негізсіз жалған кәсіпкерлік бойынша қылмыстық іс қозғалған. Есепшотына тоқтам салып, құжаттарын алып қойған, келісімшарттар жасауға тыйым салған, салықтық тексеріс тағайындаған. Өз кезегінде ол тексеріс ешқандай заң бұзу әрекетін анықтамаған. Осы уақыт аралығында бұл фирма өзінің іскерлік беделін жоғалтты, жеткізушілер сырт айналған, фирма қазіргі уақытта банкроттыққа ұшырады, жұмыс орындары жабылды» дейді М.Аxметжанов. Бас прокурордың орынбасарының мәліметінше әрбір алтыншы қылмыс қана расталған.
«Экономикалық тергеу органдарына айтамын, сіздер Президент негізін қалап жатқан экономикалық саясатқа тосқауыл болып жатырсыздар. Көрдіңіздер ме, қандай сұмдық! Сіздерді бизнеске жіберіп, өздеріңді жұмыс істету керек» деді Бас прокурор Ж.Асанов.
Әділін айту керек, бұл салаға Жақып Асанов басшы болып келгелі прокуратура қызметі қарқын алды. Алдымен өз саласындағы кемшіліктерді аяусыз сынға алған Бас прокурор көптеген кемшіліктердің бетін ашты. Жақында 200 қызметкерлерін алып Ақтөбе облысына аттанып, терроризмнің алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Енді міне жан-жақтан қысымға түскен кәсіпкерлерді қорғауды қолға алды. Сөз жоқ, мұның бәрі сала басшысының белсенді қызметін көрсетеді. Бұдан кейін тұрғындар прокурорлық пәрменге сенім артып, өз құқықтарының қорғалатынына көз жеткізе бастады.
Бәлкім сәйкестік болар, газетіміздің өткен санында («Қазақ үні» №38) «Бұғаусыз бағаға бақылау бола ма?» деген мақала жариялаған болатынбыз. Онда бағаның шарықтауына байланысты біздің оқырмандар ұсынған 7 себебі көрсетілген-ді. Соның ішінде осы Бас прокурор бүгін көтеріліп отырған кәсіпкерлікке қысым мен салықтың мөлшерлемесінің тым жоғары екені де айтылған.
Осы орайда көпшіліктің тағы бір тілегін айта кетсек орынды шығар. Ол біздегі түбегейлі ойластырылмай қабылданған «Жол жүру ережесіне» қатысты. Айыппұлдың тым жоғары болуына байланысты мыңдаған жүргізушілер оны төлеуге мүмкіншілігі болмай жатыр. Ал құзырлы орындар болса ондайлардың көлігін тартып алып мәз. Алдағы уақытта адамдардың ақша алатын карталарын бұғаулап отбасын асырап отырған айлықтарынан айырмақшы. Бұл адам құқығын бұзу, жекеменшікке қол сұғу емес пе? Енді құқықтық заңдылықты қадағалайтын прокуратура осы мәселені де қолға алса деген тілегі бар көпшіліктің.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz