ПЕРУАШЕВ ПАРАЛИМПИАДА ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІНІҢ СЫЙАҚЫСЫН КӨТЕРУДІ СҰРАДЫ
2016 ж. 23 қыркүйек
3309
9
Мәжілісменнің айтуынша, әлем елдерінде мүмкіндігі шектеулі спортшылардың жетістігі дені сау спортшылардың жеңісінен жоғары бағаланады. Ал бізде бәрі керісінше. Риодағы паралимпиадада жүлдегер атанған мүгедектер дені сау спортшыларға қарағанда 5 есе төмен сыйақы алған. «Қазақстандық паралимпиада жеңімпаздары асқан батылдық көрсете отырып, қарсыластарынан озып келіп, өз елінде бағаланбай отыр. Біздің ойымызша, мемлекет барлық азаматтарының, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі спортшылардың спорттық жетістіктерін тең дәрежеде бағалау керек. Бұл жерде әділетсіздік бар. Себебі кәдімгі олимпиаданың жеңімпаздарына мемлекет тарапынан қарастырылған сыйақы 250 мың доллар болса, ал мүгедек спортшылардың сыйақысы ең көбі 50 мың доллар. Яғни, бес есе кем» деді Азат Перуашев. Рио-де-Жанейрода өткен паралимпиада ойындарында Зульфия Габидуллина суда жүзуден алтын, зілтемірші Раушан Қойшыбаева күміс медальдың иегері атанған. Үкімет Зульфияға 50 мың, Раушанға 35 мың доллар сыйақы белгілепті. Ал он екі мүшесі сау олимпиада чемпиондарына 250 мың долларға дейін таратылған болатын. Оларға қымбат темір тұлпар мен пәтер кілті де табысталды.
*** Айта кетейік, Азат Перуашев бастаған депутаттардың талабы орындалды. Паралимпиада жеңімпаздарының сыйақысы үш есе көтерілді. Оны жеңімпаздарды қарсы алуға барған Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы мәлімдеді.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz