Полиция намаз оқитын оқушыларды да есепке алуы мүмкін
2016 ж. 19 қыркүйек
2008
0
9 қыркүйек күні №56 орта мектебінде қаланың бүкіл мектеп инспекторлары мен директорлары жиналды. Ақтөбе қаласында болған лаңкестік әрекеттерге байланысты полицейлер алдын алу шараларын қолға ала бастады.
Бұдан басқа, жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Малик Нұрсейітовтың айтуынша, намазға жығылған жасөспірімдер есепке алынып жүр.
"Қандай себеппен, неге дінге кіріп кеткені жөнінде тексеріс жүріп жатыр. Сондай-ақ, кәмелет жасқа толмағандарға инспекторлар лекция оқиды. Мектепте, колледждерде және жоғары оқу орындарда дінге кіргендер есепке алынады. Олардың үстінен бақылау ісі ашылады. Олардың үйіне барып, ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Осындай алдын алу шаралары атқарылады", - дейді аға инспектор.
Жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция басшысы Клара Исламованың айтуынша, намаз оқитын жасөспірімдер есепке алынбайды.
"Біз бұндай жұмыстар жүргізбейміз, бұны антитеррористік орталық бақылауға алады. Біз тек көмек көрсетіп, анықтаймыз және ақпарат береміз. Бізде тек намаз оқитын ата-аналардың тізімі ғана бар. Ал намаз оқитын балаларды тіркеуге алмаймыз", - деді ол.