Атышулы ақтөбелік экс-депутаттың 3 млрд теңгеге жуық қаржысы тәркіленді
2016 ж. 18 қыркүйек
1839
0
Ақтөбе облыстық соты алаяқтығы үшін сотталған автопарк қожайыны Мейіржан Өндіргеновке қатысты үкімді қайта қарады деп хабарлайды Kerek-info.
Ақтөбелік кәсіпкерге алаяқтық жасап, ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны, адам бопсалап, заңсыз бас бостандығынан айырғаны және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырғаны үшін айып тағылған еді. Алайда 1 тамыз күні шыққан сот шешімі оны тек алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп тапты.
"Бюджет қаржысын алаяқтық жолмен жымқырды" делінген Мейіржан Өндіргенов 4 жылға сотталды. Ал "Автопарк" ЖШС директоры Ербол Әділов 3 жылға бас бостандығынан айрылған. Сотталушыларға бюджеттен қолды болған 900 млн теңгеден астам қаржыны қайтару міндеттелді.
Алайда,15 қыркүйек күні қаралған аппелляциялық сотта әкімдік өкілдері автопарк қожайынынан 4,5 млрд теңге талап етті. Олардың сөзінше, кәсіпкер бұл қаржыны жеңілдік тобындағы жолаушыларға бюджеттен бөлінген субсидиядан жымқырған. Прокуратура да Мейіржан Өндіргеновке шығарылған үкімді жеңіл деп санап, өз қарсылықтарын білдірді. Ал сотталушының адвокаты кәсіпкердің кінәсі ешқандай дәлелденбегенін алға тартты.
"Мемлекеттік айыптау ешқандай дәлел ұсынған жоқ. Бухгалтерлік есеп пен қаржылық талдау да жүргізілген жоқ. Ешқандай қылмыс жасалған жоқ. Тіпті, қылмыс құрамы туралы айту да артық", - дейді Мейіржан Өндіргеновтің адвокаты Ирина Осокина.
Сот отырысы өткізілген залда Мейіржан Өндіргенов пен Ербол Әділов болған жоқ. Олар шағымның қаралуын тергеу изоляторынан бейнебақылау жүйесі арқылы тамашалады. Шағымдарды қараған сот алқасы 1 тамызда шыққан сот үкімін өзгеріссіз қалдырды. Сотталушылардың жаза мерзімі өзгерген жоқ.
Автопарк қожайынының 2 млрд 834 млн теңгесі мен барлық мүлкі тәркіленді. Сотталушылар жақында түрмеге жіберілмек.