Тоқтар Төлешовтің «Шымкентсырасы» АТФ банктің меншігіне өтіп кетті
2016 ж. 13 қыркүйек
2510
4
Атышулы шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешовтің меншігіндегі «Шымкентсыра» зауыты АТФ банктің меншігіне өтіп кетті. Бұл туралы Астана телеарнасының тілшілеріне берген сұхбатында банктің басқарушы директоры Елдос Жұмабаев мәлім етті деп хабарлайды NUR.KZ.
Былтырғы жылдың желтоқсан айында сот банк пайдасына шамамен 20 млрд теңге өндіріп алу туралы шешім шығарған.
«Зауыт сатылымға қойылды. Өкінішке орай, оны сатып алуға әлеуеті жететін алушының болмауына байланысты сатылым жүзеге аспады. ҚР заңнамасына сәйкес банк сот орындаушыдан өтпей қалған сатылым мүлкін өз балансына алу құқығымен шағымдана алады. Біз солай жасадық. Аталған шағым сот орындаушы тарапынан қанағаттандырылды. Қабылдап алу актісі толтырылып, сәйкес қаулы шығарылды. Аталған өндіріс орны жұмысын тоқтатпайды, сыра шығаруды жалғастырады. Тек банкке ол жұмыстармен тікелей айналысуға тыйым салынғандықтан, банк еншілес компания құруға құқылы. Біз сонда аталған мүлікті толықтай аударамыз», - деді басқарушы директор.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 30 қаңтарында қалталы азамат Тоқтар Төлешов Шымкентте өткен арнайы жасақ операциясы барысында құрықталды. Оны құрықтау үшін қаладағы беделді мейрамханалардың бірі «Риксос Хадиша Шымкент» қоршауға алынды. Бизнесменнің тұрғылықты мекенжайы мен жұмыс орнын тексеру кезінде қару, есірткі заты мен оқулықтар табылған. Мұнан соң Төлешов екі ай мерзімге уақытша қамауға алынып, істің тергелу барысы құпия сақталды. ҚР Бас прокуратурасы кәсіпкерді Ақтөбеде болған лаңкестік оқиғаға қатысы бар деп айыптап, билікті күшпен құлатпақ болып, оған өткен жылдан бері дайындық жұмыстарын жүргізгенін мәлімдеді. Кейінірек ҰҚК қызметіндегілер бизнесменнің жер реформасына қарсы акцияларды қаржыландырғанын мәлімдеді.
Кәсіпкер уақытша қамауға алынған соң оның иелігіндегі сыра зауытының қызметкерлері басы дауға қалған басшыларының былықтарын жайып салды. Айтуларынша, сыра зауыты есебінен кәсіпкердің төрт әйелі ай сайын 2 млн 282 мың теңге көлемінде жалақы алып келген. Сонымен қатар, Төлешовтің отандық банктердің біріне 300 млн доллар қарызы бар екені жария етілді. Осыдан соң оның меншігіндегі «Шымкент сыра» зауыты сатылымға шығарылды. Өндіріс орны 28 млрд теңгеге бағаланды. Алайда аталған зауытты сатып алатын адамның табылмауына байланысты аукцион өтпей қалды.
Жуырда әлеуметтік желіде қамауда отырған Тоқтар Төлешовтің өз қолымен жазылған мойындау хатының көшірмесі пайда болды. Онда кәсіпкер өзінің қоластында істейтін Аяновқа 100 000 АҚШ долларын беріп, қазақ жерінің шетелдіктерге сатылатыны туралы ақпаратты халыққа тарату туралы тапсырма бергені жазылған.
«Мен мұның халық наразылығын тудыратынын, халық жерін қорғау үшін алаңға шығатынын білдім», — делінген бизнесмен жазған хатта.
Ерекше айта кетерлігі, тергеу жұмыстарының қорытындысына сәйкес кәсіпкер Төлешовке адам ұрлау, кісі өлтіру және тағы да басқа бас-аяғы 16 қылмыс жасады деген айып тағылды. Сот отырысы ертең, яғни, 14 қыркүйекте басталады.