ШҚО-да мектеп директоры оқушы формасын қарызға сатып жатыр
2016 ж. 01 қыркүйек
3195
1
ШҚО Аягөз аудандық білім бөлімінің «Оспанқұл Меңаяқұлы» атындағы жалпы білім беретін орта мектебінде оқушы формасы сатылып жатыр деп хабарлайдыNUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.
Баршатас ауылының тұрғыны, көп балалы ана Бағдагүл (аты өзгертіліп алынды) директордың бұл әрекетін заңсыз деп біледі. Әрі ауыл тұрғыны үшін бұл міндеттеу отбасылық бюджетке ауыр соғып отырғандығын айтады.
Мектеп формасының бағасы 17 мың теңге және 25 мың теңге. Осы екі бағада ғана сатылады дейді ата-аналар.
«Ертең оқу жылының бірінші күні. Мектеп формасынсыз сабаққа кірмейсіңдер деген соң амалсыз жарты ақшасын төлеп, жартылай қарызға алдық. Өзге ата-аналар да мен сияқты істеп жатыр. Дегенмен балалардың бірдей форма кигені дұрыс қой», - дейді ол.
Мектеп директоры Гүлнұр Сихымбаеваның мектеп ұжымынан ақша жинайтындығы да мұғалімдердің қабырғасына батып жүр.
«Кез-келген уақытта себепсіз ақша жинауы шаршатты. Оның үстіне жиналған қаржының қандай мақсатта жұмсалып жатқандығын, жиналып жатқандығын айтпайды. Бұл мәселенің терістігін айтып, наразылық білдірген мұғалімдерді жұмыстан шығарамын деп қорқытады», - дейді мұғалімдер.
Білім жүйесінің осынша құнсызданып кеткеніне абыржулы мұғалімдер әділеттілік іздеп, білім саласын бақылау департаментіне шағым түсіруден басқа жол жоқ деп отыр.
Естеріңізге сал кетсек, Білім және ғылым министрлігінің сайтында мектеп формасын сатуды ұйымдастыруға болмайтындығы туралы айтылған.
«Мектеп басшылығының мектепте оқушы киімдерін сатуды ұйымдастыруға құқығы жоқ. Білім басқармалары мен бөлімдері ата-аналарға мектеп формасын отандық өндірушілерден сатып алуды ұсына алады. Ата-аналар мектеп формасын тігетін кәсіпорынды немесе оқушы киімдерін сататын сауда желісін таңдау шешімін өздері қабылдайды. Білім беру ұйымдары басшылығы мен мұғалімдерінің ата-аналардан оқу формасын сатып алу мақсатында қаражат жинауына жол берілмеуі тиіс», - делінген министрліктің сайтында.