Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамасы армия ойындарында жалпыкомандалық екінші орынды иеленді
2016 ж. 20 тамыз
1878
0
Ресейдің Алабино полигонында Армия халықаралық ойындары-2016 аяқталды. Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамасы сайысты жеңіспен аяқтады. Біздің әскери қызметшілер Азия, Еуропа, Африка және Латын Америкасының 19 мемлекетінен келген 120 армиялық команданың арасында жалпыкомандалық екінші орынды иеленді. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында хабарланды.
Бірінші орынға Ресей командасы шықса, үшінші жүлдені Қытай құрамасы иеленді. Біздің команда бірден-бір өкілді команда деп танылды. Атап айтқанда, ойындарға қатысу саны жағынан сайысты ұйымдастырушы команда мен Қытай командасын алға жіберіп алды. Қазақстандық әскерилер 23 байқаудың 21-не қатысты. Бұл ауқымды қатысу қазақстандық армияның жаңа мүмкіндіктерін көрсетті.
Қазақстанның Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов атап өткендей, биылғы жылы армия халықаралық ойындары өзінің мазмұны мен ауқымдылығы жағынан ерекшеленіп, халықаралық ынтымақтастықтың, жаңа символына айналды. Тәжірибе алмасу, бейбітшілік пен келісімнің кепілі ретінде танылды. Қазақстан ойындарына қарапайым сайыс ретінде ғана қарамайды, сонымен қатар, жарыс жауынгерлік бауырмалдық рухын көтереді деп санайды.
Ресейдің барлық аймағындағы 19 әскери полигонда құрлықта, теңізде және әуеде Қазақстан Қарулы Күштерінің намысын 600 әскери қызметші қорғады. Әскери ұшқыштар, теңізшілер, десантшылар, жүргізушілер, танкистер мен инженерлер, кинологтар, әскери дәрігерлер және аспазшылар – барлығы халықаралық дәрежедегі біздің әскеріміздің айбынын асыру үшін күресті. Ондаған сағаттар жаттығуларда өтіп, жүздеген қашықтықтар мен кедергілерді еңсерді. Нәтижесінде жалпыкомандалық екінші орын жүлдесімен «Теңіз кубогында» әскери теңізшілер, «Сенімді дос» байқауында кинологтар, «Десантты взвод» және «Инженерлік формула» байқауларында жеңімпаз ретінде елге оралуда. Сондай-ақ, «Танк биатлоны», «Эльбрусстік шеңбер», «Рембат», «Қару шебері», «Дала асханасы» және «Автобронетанк техника шебері» байқауларында жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.
Аталған ойындардың жарқын сәттерінің бірі - жеке есепте алдыңғы орынға шығып 699 балл жинаған Қазақстандық әскери қызметші Бауыржан Мұқышев үздік кинолог деп танылды.
«Суворов тегеуріні» байқауы біздің команда үшін жеңісті болды. Құрамында жауынгерлік машина командирі аға лейтенант Марат Мауенов, оператор-бағдарлаушы сержант Жақсылық Ескендіров, механик-жүргізуші сержант Сәттібек Бекбаулин бар команда ең үздік деп танылды. Қазақстан үшін Армия ойындары-2016 байқауының тағы бір ерекшелігі – алғаш рет «Артиллериялық ату шебері» және «Мерген шебі» екі байқауы біздің жерімізде өтті. 12 мемлекеттің үздік мергендері мен артеллерияшылары жеңіс үшін сайысты. Байқаудың алғашқы кезеңдері түнгі жағдайда өтті. Атыстар елімізде өндірілген түнгі көру құралдарын қолдану арқылы өтті. Отандық «КАЕ» кәсіпорнының құрал-жабдықтары арқасында түнгі түсірілім жүргізу мүмкін болды. Сайыс барысындағы айтулы кезеңдер мен оқиғаларды және біздің әскери қызметшілердің жеңісін және салтанатты марапаттау рәсімін қазақстандықтар тікелей эфирден көру мүмкіндігін алды.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің сайтында онлайн-трансляция жүрді. Жеті күн ішінде 204 000 көрушілер тіркелді. Сайыстың онлайн көрсетілімін Қазақстаннан өзге, Канада, Ұлыбритания, Япония, Қытай, Беларусия, Ресей, АҚШ және басқа да мемлекеттердің тұрғындары тамашалады. Қазақстандағы сайыстың қорытындысында барлық команда жетекшілері мен төрешелілер арасында сауалнама жүргізілді. Белгілі болғандай, сайысты төрелік етудің жоғары дәрежеде өткені және сайысқа алдағы уақытта қатысуға деген қызығушылық анықталды. «Сіздер жоғары кәсібилік көрсеттіңіздер. Аталған шараны өткізуге және дайындауға ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл үшін мен өз тарапымнан ерекше ықыласымды білдіремін. Біз Қазақстанға экономикалық даму және бебітшілік, тұрақтылық тілейміз» - деп жазады Зимбабве командасының өкілі, генерал-лейтенант Ж. Мангиси.
Алайда, бұл Қазақстан жеріндегі армия ойындары тарихының басы ғана саналады. Келесі жылы біздің әскери полигондар тағы да әскери мамандар «сайысының» орталығына айналады. Енді бізде екі емес, бес сайыс өткізіледі. Армия ойындарының бағдарламасына бронды автомашиналардың сайысы, әскери қызметші қыз-келіншектерге арналған сайыс, Басқарусыз ұшақтардың қатысуымен байқаулар қосылады. Сондай-ақ, биыл елімізде өткен «Артиллериялық ату шебері» және «Мерген шебі» байқаулары өтеді.