Болат Жәмішев БЖЗҚ қаражаты MEGA Silk Way сауда орталығының құрылысына жұмсалатынын растады
2016 ж. 17 тамыз
2528
3
«Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражат қайда жұмсалатынын айтып берді деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«БЖЗҚ қаражаттары қайда жұмсалады деген сауал көп қойылуда. Айта кетейін, зейнетақы қорынан қаражатты банктер алады. Оның қатарында біз де бармыз. Қазақстанның даму банкінің қаржылық көрсеткіштері өте жақсы, сонымен қатар біздің рейтинг тәуелсіз банктің деңгейінде. Біз зейнетақы қорының инвестициялары үшін өте сенімді әрі тартымды нысандардың біріміз. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты өте қымбат, сондықтан біз ол қаражаттарды жобаларға бөлген кезде өзіміздің қаражаттармен, Ұлттық қор мен бюджеттік қаражаттармен қосамыз. Мысалы, біз үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының екінші кезеңінде қолға алынатын жобаларға 225 млрд теңге қарастырдық. Оның тек 65 млрд теңгесі ғана - БЖЗҚ қаражаты. Зейнетақы қорының 15 млрд теңгесін MEGA Silk Way сауда орталығына, 17,5 млрд теңгені жүк вагондарының құрылысына және 30 млрд теңге экспорттық және экспорт алдындағы қаржыландыруды қолдауға бөлініп отыр. Бұл - биыл біздің БЖЗҚ-дан алған қаражаттар», - деді банк басшысы.
Жәмішевтің ойынша, БЖЗҚ қаражаттары бір орында сақталып қана қоймай, сенімді көздер арқылы инвестицияланып отыруы шарт. Бұл оның құнсызданып кетуінен сақтайды.
«Тағы да атап өткім келеді, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қарыз алушы банк болып табылады. Зейнетақы қорынан банкке инвестицияланған қаражаттар өте жоғары деңгейде қорғалған. БЖЗҚ қаражаты инвестициялануы тиіс. Инвестицияланбаса, одан пайда, кіріс болмайды, ол қаражат құнсыздана береді. Сондықтан олар әрдайым жоғары тиімді құралдарға бөлініп отыруы тиіс. Соның бірі - Қазақстанның даму банкі», - деп түйді ойын Жәмішев.
Сонымен бірге оның сөзіне қарағанда, «ҚДБ» АҚ таза пайдасы биыл қаңтар-маусым айларында 10, 881 млрд теңгені құраған. Бұл 2015 жылғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 26,8 пайызға артық. Таза пайыздық кіріс 32,8 пайызға - 19,7 млрд теңгеге дейін артты.