ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР КҮДІКТІ КОНТЕНТІ БАР САЙТТАРҒА ШАҒЫМДАНА АЛАДЫ

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев министрлік сайтында «Шағымдану» бөлімі ашылғанын хабарлады. Бұл туралы министр Фейсбуктегі жеке парақшасында жазды. «Қымбатты достар, біздің министрлік сайтында «Шағымдану» бөлімі ашылды. Ол жерге кез келген азамат Интернетте Қазақстан заңнамасына қайшы келетін ақпараттың жарияланғаны туралы хабарламасын қалдыра алады. Мәселе, негізінен әлеуметтік желілердегі суицидті, есірткіні насихаттаған, терроризм мен экстремизмге, қатыгездік пен ұлтаралық жанжалға үндеген топтарға және сайттарға қатысты. Аталған бөлімде қолданушы заң бұзушылық категориясын таңдап, материалдың сілтемесін енгізіп, шағымын уәкілетті органға жолдай алады. Біз тіркелу формасының қолданушы үшін барынша ыңғайлы, қарапайым болуын қамтамасыз етуге тырыстық. Министрлік әрбір шағым бойынша жедел әрекет етіп, жарияланған материалдарға құқықтық баға береді. Егер заң бұзушылық нақтыланса, олар еліміздің аумағында бұғатталады. Сонымен қатар, бізге журналистер тарапынан қандай да бір ресурстың не себепті бұғатталғаны туралы сұраным жиі түседі. Осы орайда біз мұндай ақпарат қоғам үшін ашық болуы керек деп санаймыз. Сондықтан, алдағы уақытта ресурстардың жабылуының себебін көрсете отырып, бұғатталған сілтемелер базасын құруды жоспарлап отырмыз.

Егер өзіңізге немесе жақындарыңызға қауіп төндіретін контентті көрсеңіз, сілтемесін мына адреске жолдауыңызға болады: http://mic.gov.kz/kk/complain», деп хабарлады Дәурен Абаев.