Сафар Шәкеевті Батырхан Шүкеновтің жанына жерлейді (ФОТО)
2016 ж. 29 шілде
2275
0
Бүгін Алматыда қала жұртшылығы белгілі қазақстандық композитор Еркеш Шәкеевтің 25 жастағы ұлы Сафар Шәкеевті ақтық сапарға шығарып салуға жиналды. Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды.
«Қазақконцерт» залында өткен қаралы жиынға белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері, өнер жұлдыздары, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, сондай-ақ Сафар Шәкеевтің достары мен әріптестері, оны іздеу шараларына қатысқан волонтерлер, қарапайым қала тұрғындары келіп, марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтуда.
«Қазақконцерт» залы халыққа лық толды десе де болады. Сафардың достары мен әріптестері үстеріне Сафардың бейнесі салынған жейде киіп келді.
«Сафар өмірді шексіз сүйтін менің аяулы да мейірімді досым еді. Ол мені кезінде Алматыға жұмысқа шақырған. Жұмыс барысында біз достасып кеттік. Біз мейірімді, аяулы досымыздан айрылып отырмыз. Ол өмірді, ата-анасын, туған-туыстарын, достарын керемет жақсы көрді. Ол режиссер болатын. Киноиндустрия саласында алдына қойған жоспарлары көп еді. Біз Сафарды мәңгі есте сақтау үшін енді бірқатар шараларды жүзеге асырамыз. Біз 11 күн бойы волонтерлар қатарында болып, іздеу шараларына қатыстық. Үмітіміз зор еді. Амал қанша, өкініштен өзегіміз өртенеді. Сафардың асыл бейнесі жадымызда мәңгіге сақталады», - деді Сафардың досы Рүстем Төреғалиев.
Сафар Шәкеев Кеңсай-2 зиратына Батырхан Шүкеновтің қасына жерленеді.