Қазақстан ауыр атлеттеріне Олимпиадаға қатысуға рұқсат берілді
2016 ж. 22 шілде
3000
39
Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) 2016 жылғы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың тізімін жариялады деп хабарлайды Қазақпарат.
Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) ресми бекіткен тізімге әлемнің 91 елінен 260 ауыр атлет енген.
Қазақстаннан Олимпиадаға сегіз ауыр атлет қатысады: бес ер адам - Арли Чонтей (56 келіге дейін), Фархад Харки (62 келіге дейін), Нижат Рахимов (77 келіге дейін), Денис Уланов (85 келіге дейін) және Александр Зайчиков (105 келіге дейін) және үш әйел - Маргарита Елисеева ( 48 келіге дейін), Карина Горичева (63 келіге дейін) және Жазира Жаппарқұл (69 келіге дейін).
Еске сала кетейік, осыған дейін Қазақстан зілтеміршілерінің Олимпиадаға қатысу-қатыспауы белгісіз болып келген болатын. Халықаралық ауыр атлетика федерациясы 11 спортшысы допингпен ұсталған Болгария құрамасын жарыстан шеттетті. Сондай-ақ, допинг дауына ұшыраған жеңіл атлетикадан Ресей құрамасы да жазғы Олимпиадаға қатыспайды.
Ауыр атлетикадан барлығы 15 медальдар жиынтығы ойналады, деп хабарлады Sports.kz.
Олимпиада ойындары -2016 Рио-де-Жанейрода 5-21 тамыз күндері өтеді.