Амандық Баталов Алматыдағы атыстан қаза тапқан полицейдің отбасына 2 бөлмелі пәтер берді
2016 ж. 21 шілде
1699
0
Алматыда терактіден қаза тапқан Тимурдың отбасына 2 бөлмелі пәтер берілді деп хабарлайды BNews.kz.
Алматы қаласындағы оқиға кезінде ауыр жарақат алып, ауруханада қайтыс болған жол-патрульдік полициясы арнайы батальоны қызметінің аға инспекторы полиция лейтенанты Тимур Бегасыловтың Еңбекшіқазақ ауданы, Бөлек ауылында тұратын отбасына және туған-туыстарына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов көңіл айтты.
Облыс әкімі күні кеше Алматыдағы оқиғада қоғам қауіпсіздігі үшін қызметтік борышын өтеу жолында азаматтарымыздың құрбан болуы бір отбасының ғана емес, күллі елдің қабырғасын қайыстырғанын жеткізе келе, отбасына басу айтты.
«Бұл ақталмайтын қылмыс. Азаматтардан айырылу – баршамыз үшін де ортақ қайғы. Оларды бүгінгі күннің батыры дейміз. Осындай ұл тәрбиелегендеріңіз үшін алдарыңызда басымызды иеміз. Дәл қазір сіздерге қолдау көрсетіп, жан-жақты жәрдемдесу – біздің міндетіміз», - дейді облыс әкімі.
Амандық Баталов Тимур Бегасыловтың отбасына Қарасай ауданындағы «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі жаңа пәтердің кілтін тапсырды.