Алматыда лаңкестік шабуылдан зардап шеккендерге бес операция үстелінде ота жасалуда
2016 ж. 18 шілде
1497
0
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда содырлардың шабуылынан зардап шеккендерге қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Дәл қазіргі сәтте ауруханаға кіреберіс есіктер қатаң бақылауға алынған. Мұздай қаруланған сақшылар адамдарды тек арнайы рұқсатпен ғана кірізеді. Ал, ауруханаға содырлармен болған атыста зардап шеккендердің туған-туыстары келіп жатыр. Келушілердің арасынан журналистер құқық қорғау органдарының өкілдерімен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолованы да байқады. Кейбір деректер бойынша, қазіргі сәтте ауруханада бір мезетте бес операция үстелінде ота жасалып жатыр. Аурухана басшылығы, жиналған журналистерге ота жасалып болған соң ғана толыққанды түсініктеме беруге уәде берді.
Ал, бұл уақыт аралығында аурухана алдында бауырын жоғалтып, жылағандар болды. «Бауырымдап» жылағандардың көз жасы сай- сүйегіңді сырқыратады. Медбикелер оларды жұбатып, тиісті көмек көрсетіп жатыр.