ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР ЖЕР РЕФОРМАСЫНА ҚАРСЫЛЫҚ ТАНЫТТЫ
2016 ж. 17 шілде
5653
36
Халықты тыңдамай, тұқыртуға тырысатын Жер комиссиясы "Үгіт бригадасы" ма?!.
Жер реформасы жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы Қызылорда облысының Нағи Ильясов атындағы ауылда өтті. Бұған дейінгі облыстық қоғамдық кеңес өткізген отырыстар қаладағы «Достық» үйінде өтіп, оның барлығында да Жер кодексіндегі өзгерістерге қарсылар көп болған еді. Билік бұл жолғы республикалық жиынды қаладан 80 шақырым қашықтағы ауылда, бұрынғы отырыстарға қатысқандарды шақырмай жасырын өткізгісі келгені байқалып қалды. Біз кездейсоқ естіп, бардық.
Бұл жиында бірден көзге түскені келген комиссияны мемлекеттік комиссия деп атауға келмейтіні. Онан гөрі кәдімгі жерді сатуды, шетелге жалға беруді жарнамалап жүрген үгіт бригадасына көбірек ұқсайды. Үгітшілері де жер мәселесіндегі түйіндерді жеріне жеткізе алатындай білікті кісілер емес, қарабайыр әрі жалтақ. Мәселен, комиссия төрағасы А.Мырзахметов «Мына жұрт неге дүрлігіп жүр, не дегісі келеді, тыңдайын» деген ниеттен гөрі, “Жерді сату-сатпау туралы қашанғы айта береміз, онан гөрі оның берілетін шекті көлемі туралы әңгімелейік” деген өз ұсынысын өткізуге тырысып бақты. Мұнысы “ Біздің дегенімізге көнбей қайда барасыңдар, онан да мүмкіндік беріп тұрғанда, аз ғана болса да өздеріңнің пайдаларыңды ажыратып қалыңдар, ертең онан да айрылып қаласыңдар” дегенге ұқсас болды. Бұған не дерсіз?
Бірінші сөзді жерлесіміз, Мәжіліс депутаты, Ауған соғысының ардагері Б.Смағұлға бергені оның шабыттана оқыған өлеңіне жұртты ұйытпақшы болғанындай көрінді. Кезінде Б.Момышұлының қан майданда жүріп-ақ қазақтың тілі мен рухын көтерудегі ерлігін дәріптеп, «Қаһарман» атты кітап жазғанын білетіндіктен, оның бойында Баукеңнің ұлттық ұстанымынан бірдеңе қалған шығар деп үміттенуші едік. Оның орнына елден ерек микрофонды қолына 3 рет алып, “Қарсыларға” көбірек дікеңдегеніне куә болдық. Сценарийді залдағылардан бірінші болып сөз алған Сәдуақас АҢСАТ ағамыз бұзды. «Тәуелсіздігіміздің 25 жылында ғасырлар бойы ата-бабаларымыздан аманат болып қалған Жеріміз бен Тілімізге патшалық Ресей мен кеңестік кездегіден де бетер қауіп төндіріп, жерді сатуға, тілді құртуға бағыт ұстаған биліктің реформаларын тоқтату керек. Жер ешкімге сатылмасын, шетелге жалға берілмесін!»,-деді.
Төрағадан беделі бір де кем емес академик К.Сағадиев “Жерді сатуға немесе шетелге жалға беруге мен де қарсымын... бірақ оны сату керек” дейді. Осы ғұлама ғалымды қинап жүрген қай Құдай? Қарсы болса, біржола қарсы болып қалмай ма? Қалған салмағы жоқ “Комиссия мүшелері” туралы айтпай-ақ қойсақ та болады. Олардың бәрі бірдей “сатайық та - берейік” деп сайрады. Бірен-саран қоғамдық пікірді білдіріп жүрген азаматтар болмаса, комиссияның билік жағындағылары жердің сатылуын, шетелге жалға берілуін насихаттаумен болды. Сонан ғой оларды “үгіт бригадасы” дейтініміз. Комиссия халықты тыңдаудың орнына, “қарсыларға” ақыл айтуға, оларды тұқыртуға тырысты.
Жергілікті адамдардан оларды қолдаушылар негізінен билік өкілдері және бірен-саран солардың төңірегіндегі байшыкештер болды. Қызылорда қаласының бұрынғы әкімі әрі сенатор Б.Досмамбетов, Облыстық мәслихаттың депутаты, облыс әкімінің жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы С.Имандосов, көп жыл облыс мәслихаты депуттатығының майын ішкен, кәсіпкер Н.Ерманов, Облыс әкімінің бұрынғы орынбасары, «Мәді қажы» шаруа қожалығының төрағасы А.Камаладин нарық кезінде қарық болған дүниелерін онан әрі байыта түсудің қамында сөйлесе, бұрынғы облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Н.Жәлиев, бұрынғы “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ж.Базартай биліктің ақырынан жеп жүрген жемін ақтауға тырысып, бірдеңе деп жатты.
Залда “қарсылар” “қолдаушылардан” әлдеқайда көп болды және солардың барлығы қарапайым адамдар мен орта кәсіпкерлер. Сондай-ақ, “қарсылардың” ішінде сенатор Мұрат Бақтиярұлы мен ҚХКП-ның серкесі В.Косаревтың жүргені атап өтуге тұрарлық. Комиссия мүшелері академик Оразалы Сәбден, қоғам қайраткері Дос КӨШІМ, Мұхтар ТАЙЖАН, Әкім ЖАНҰЗАҚ, халықтың арасынан шыққан елге танымал тұлғалардың ішінен ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері - жалағаштық Біржан Көштаев, шиелілік Перден Архабаев, түркістандық дінтанушы Зікірия ЖАНДАРБЕК, ағайынды Сәпен, Сәдуақас АҢСАТтар жұрттың көкейіндегісін дөп басып айтты. Олардан басқа сөйлеген: блогер Болат Нұрғожаев, кәсіпкер Сағи Сүйеніш, белгілі тележурналист Айткүл Шалғынбаева, зейнеткер Хатам Кустабаев, кәсіпкер Сұлтан Әшімов қарсылықтарын өз тәжірибесі және біліктілігімен дәлелдей білді. Осы бағыттағы сөз алғандардың негізгі уәжі жерді дүние-мүлік деп қабылдауға, жер қай кезде де «Ел», «Отан» «Ана» деген киелі ұғымдарды
білдіретіндіктен оны кімге де болса сатуға, банкке кепілдікке қоюға, шетелге жалға беруге болмайтынын, олай болған жағдайда халық онан сайын жікке бөліне түсетінін, жеме-жемге келгенде ең басты құндылығымыз - тәуелсізігімізге қауіп төнетінін баса айтты. Сондықтан да болар оларды жұрт үнемі қолдап отырды. Жастардың ішінен Баймағамбетов Мұратбай есімді жігіт шығып, “Бізге шетелден инвестор шақыруды тоқтатыңыздар! Жағдай жасасаңыздар біз, жастар, өзіміз-ақ игереміз сол жерді” деп, жастық қайрат танытты. Алайда, сол сөздер айтылған жерде қала ма деген күдігіміз зор. Себебі комиссия арнайы тапсырмамен жүрген “миссионерлердей” қайтсе де жерді сатып, шетелге ұзақ мерзімге жалға беруді заңдастырудың амалын табу үшін жүрген топтай көрінді. Оларға елдің дүрліккені де, болуы мүмкін дүрбелеңі де әсер етпейтіндей.
Тоқ етерін айтқанда қызылордалықтардың жасы да, кәрісі де Жер кодексіне қарсылығын білдірді. Ендігі жерде енжарлық танытуға болмайтынын жұрт түсінгендей.
Абдулла ШАХАНОВ, Жалғас АМАНОВ,
Қызылорда қаласы
Материалды көшіріп басу үшін qazaquni.kz порталына гиперсілтеме жасауыңыз қажет.