Атышулы депутат он жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін
2016 ж. 13 шілде
2066
2
12 шілдеде облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты, кәсіпкер Мейіржан Өндіргеновтің ісі бойынша жарыссөздер басталды. Мемлекеттік айыптаушы Амангүл Жұмағалиева бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсаған кәсіпкерді он жылға бас бостандығынан айыруды сұрады деп хабарлайды Bnews.kz.
Атышулы істі Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр. Екі айдан бері 100-ден астам куәгерден жауап алынған. Ал бүгін жарыссөз басталды.
«Мейіржан Өндіргеновке ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқарды, бюджеттің 4,5 миллиард теңгесін жымқырды, аса ірі көлемде ақша бопсалады, ірі көлемдегі алаяқтық жасады, пайдакүнемдік мақсатта біреуді заңсыз бас бостандығынан айырды және қылмыстық жолмен алынған үлкен көлемдегі қаражаттың ізін жасырды деп айып тағылып отыр. Екінші айыпталушы «Автопарк» мекемесінің бұрынғы директоры Ербол Әділов қылмыстық топ құрамында алаяқтық жасағаны және ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін айыпталып отыр», - дейді мемлекеттік айыптаушы Амангүл Жұмағалиева.
Жарыссөз кезінде прокурор Мейіржан Өндіргеновті 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Оның сыбайласы Ербол Әділовке мемлекеттік айыптаушы сегіз жыл беру керек деп есептейді.
Еске салайық, ақтөбелік экс-депутат Мейіржан Өндіргенов 8 қорғаушы жалдады. Ол 1 жыл 2 айдан бері қамауда отыр. Ербол Әділов өткен жылдың желтоқсанында ұсталған болатын. Іс материалдарына сүйенсек, айыпталушы М.Өндіргеновке ҚР Қылмыстық кодекстің «Бас бостандығынан заңсыз айыру», «Қорқытып алушылық», «Алаяқтық», Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)», «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» баптары бойынша айып тағылды.
Айта кетейік, алғашында сот отырысы 10 күн кейінге шегеріліп, 25 сәуір күні алдын-ала тыңдау өтті. Себебі, айыпталушы М.Өндіргенов Қарғалы қалалық ауруханасында ем қабылдады. Осы оқиғаға байланысты «айыпталушыға медициналық күтім қажет» деген қорғаушылар оны үйқамаққа шығаруды сұрады. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ахметқали Молдағалиев бұл өтінішті қанағаттандырған жоқ.
«Ербол Әділов осы қылмыстық топтың мүшесі бола тұра, алаяқтық, яғни, қылмыстық топ болып, аса үлкен мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену қылмысын жасады деп айыпталып отыр. Айыптау актісіне сай, «Автопарк» ЖШС-нің құрылтайшысы М.Өндіргенов өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, жергілікті басқару органдарына және мемлекеттік өзін-өзі басқару органдарына деген сенімді теріс пайдаланды. Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiлік берілген адам бола тұра, қылмыстық топ құрып, оны басқара отырып, қасақана меншікке қарсы қылмыстар жасады», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.