Білім министрлігі еліміздегі жетім балаларды "топастар", "басы істемейтіндер" деп санайды
2016 ж. 11 шілде
2913
13
Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың мәліметтер қоры қазақстандықтардың жағасын ұстатты деп хабарлайды Қостанай таңы.
"Хобби деген графаға «қолынан еш нәрсе келмейді» деп жазып қойыпты. Деректер қорын дұрыс тексермей, осындай масқаралыққа, кемсітушілікке жол берген Білім министрлігі де, жетімдер үйінде балаларды бағып отырған «педагогсымақтар» да кінәлі деп санаймын. Себебі, кішкентай бала деп, туған-туысқаны жоқ деп, оның ар-намысына келетін сөздерді бүкіл жұртқа жайып салу – барып тұрған қылмыс. Басқаша атауға да сөзім жоқ", - деп жазады автор Қуаныш Есқабыл.
Әлеуметтік желілерде басы дауға қалған ведомствоның атынан министрдің кеңесшісі Балия Әкімбекова ақталып, кемшілікті түзетуге уәде берді. Ал балаларды қорлаған «басы істемейтін» педагогтарға қандай жаза қолданылатыны туралы тіс жармады.
"Меніңше, оларды жұмыстан қуып қана қоймай, темір тордың ар жағына жіберу керек. Себебі мұндай педагогтар баланың психологиясын бұзып, тұлға болып қалыптасуын тежейтіні анық", - дейді ашынған автор.
Айта кетейік, бүгінде елімізде жетім не ата-ана қамқорлығынсыз қалған 29 666 бала тіркелген екен. Олардың 8 мыңнан астамы жетімдер үйінде тәрбиеленуде. Алғашқы сатыда жаңа жүйеге дәл осы топтағы балалар енгізілген болатын.