Мемлекет тұрмысы төмен азаматтарға жалға пәтер үлестіреді
2016 ж. 09 шілде
2425
2
Елімізде мемлекеттің жалға беретін пәтері тұрмысы қиын адамдар мен көпбалалы отбасыларға ғана үлестірілмек.
Бірақ, олардың ешқайсысына баспананы жекешелендіруге рұқсат етілмейді. Бастан-аяқ өзгертіліп жатқан тұрғын үй бағдарламасы жақын арада қайта қабылданады.
Үкімет отырысы елімізде соңғы күндері көп айтылып жүрген Тұрғын үй бағдарламасын талқылаудан басталды. Өйткені, бұған дейін президент жалға берілген үйлерді сатуға тыйым салуды ұсынған еді. Елбасы пәрмен берген соң Ұлттық экономика министрі шаруаға дереу кіріскен.
Тіпті Қуандық Бишімбаев заңға дереу өзгерту енгізуді қолға алып, енді жалға берілетін пәтерлерді салумен жалғыз Қазақстан ипотекалық компаниясы айналысатынын айтты.
"Сатып алуға тыйым салынған мемлекеттің үйлері ең бірінші кезекте әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға беріледі. Бұл бастама жұмыс күшін қаладан қалаға жылдам көшіріп отыру үшін қажет. Яғни қызметкерлер басқа шаһар немесе облысқа барғанда жалға арзан пәтер ала алатын болуы тиіс", - дейді Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев.
Яғни үкіметтен арзан бағамен алған баспананы азаматтар мүлдем өз атына жекешелендіре алмайды. Тек, осы уақытқа дейін келісім шарт жасасып үлгергендерге ғана пәтерді өз атына аударуға рұқсат етілмек.
"Бұл өзгерістер тұрғын үй мәселесін толық шешеді деген үміт бар. 15 жылда 15 миллион шаршы метр пәтер салу жоспарланып отыр", - дейді Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев.