Төрт аяқты сәби дүниеге келді
2016 ж. 29 маусым
31097
23
Ақтөбеде төрт аяғы бар бала дүниеге келді. 4 аяқпен туған бала - егіздің сыңары. Ол 23 маусымда туған деп жазады Қазақпарат.
«Диапазон» сайтының хабарлауынша, егіздер мерзімінде туған, ата-аналарының дені сау. Егіз ұлдар ата-аналарының тұңғыштары. Жас келіншек жүктілік кезінде дәрігерлердің қарауында болған. УДЗ-дан ұрықтың аномалиясы бар екені байқалмаған.
Баланың 4 аяғы бар. Жүрек тамырларының дамуында, айналшықта ақау бар. Тік ішегінің орнына аяқ орналасқан. Сенбі күні сәбиге жасалған ота сәтті өткен. Іш босатуы үшін оның ішегін алдыңғы құрсақ қабырғасына шығарған. Себебі баланың табиғи жолмен іш босатуына мүмкіндігі жоқ. Бала қазір реанимацияда. Алда әлі бірнеше ота жасалып, артық аяқтары алынбақ.
Мұндай аномалия облыста бұған дейін болмаған. Мамандардың сөзінше жаңа туған сәбилердің бұл дерті инфекцияға, қан аздыққа, экологияға, сондай-ақ аналарының жүктілік кезінде кейбір дәрі-дәрмектерді қабылдауына байланысты болуы мүмкін. Жас отбасы Ақтөбе қаласына аудан орталығынан көшіп келген.
Ал дүйсенбі күні Ақтөбе қаласының басқа перзентханасында аяқ-қолына қосыла өскен өскіні бар бала дүниеге келген. Қазір сәби тексеруден өткізіліп жатыр. Дәрігерлердің сөзіне сенсек, аталмыш аномалия уақыт өте емделеді. Күні бүгін шұғыл ота жасау қажет емес.
Дерек көзі: Қазақпарат