Ақтөбе оқиғасына қатысы бар террористердің тізімінде қате кеткенін ІІМ мойындады
2016 ж. 24 маусым
4020
11
Ақтөбедегі қанды қырғынға қатысы бар террористердің тізімінен қате кеткенін Ішкі істер министрінің өзі мойындады. Қалмұхамбет Қасымов жақында содырлардың аты-жөнін қайта жариялаймыз деді.
Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.
Бас полицейдің айтуынша, министрлік таратқан ресми ақапартқа интернетте жүрген лаңкестердің тізімі сай келмейді екен. Қазір Ақтөбедегі қанды оқиғаны Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеп жатыр. Қорытындысы шыққан соң содырлардың аты-жөні қайта жарияланбақ.
Өйткені, түсініксіз жағдайда террористердің тізіміне Байнасай ауылындағы мектептің 11-ші сынып оқушысы Сағынған Сейітқали де еніп кеткен. Ал, Ақтөбе қаласының тұрғыны Данияр Уайсов болса, өзін полицейлердің қолынан қаза болған лаңкестердің қатарынан көріп, талып қала жаздапты.
5-маусым күні бір топ қаскөй Ақтөбедегі қару сататын екі дүкенге және әскери бөлімге шабуыл жасаған. Содырлардың қолынан сегіз адам қаза тапты, олардың үшеуі әскерилер. 18 лаңкестің көзі жойылды. Ал, тоғызы тірідей ұсталған болатын.
Дерек көзі: КТК