Оразалы Сәбден үкіметтен халыққа тиесілі 10 сотық жерді тездетіп беруді сұрады
2016 ж. 19 маусым
4488
27
Жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі Оразалы Сәбден халыққа тиесілі 10 сотық жерді беру мәселесін тездетіп шешіп, жерді шетелдіктерге жалға беру жөніндегі комиссияның жұмысын да қорытындылайтын кез келді деп есептейді.
Сенбі күнгі отырыс барысында Сәбденов еліміздегі түйткілді мәселелерді дер кезінде шешіп отыратын елбасының жанынан қоғамдық палата құруды ұсынды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Жерді сатпайық, шетелдіктерге жалға бермейік деп жатыр, мен оны құптаймын. Дұрысы – 49 жылға жалға беріп, игеру. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ауыл шаруашылығын қалай қарқынды дамытамыз деген мәселені ойлауымыз керек. Керек болса, жобаларды жүзеге асырайық. Менің мынадай ұсынысым бар. Біз барлық мәселені талқыладық, аз отырған жоқпыз. Халық күтіп отыр. Мүмкін Үкімет осы отырыстарды қорыта келе, шешім қабылдайтын болар? Мораторий енгізілуіне байланысты жұмыс тоқтап тұр. Осыған парламент мүмкіндік беріп, заң қабылдап жіберсін. Екінші мәселе, 10 сотық жер теліміне қатысты. Мұнда да тезірек шешім қабылдап, халыққа жерін бере бастасын», – деді Оразалы Сәбден.
Оның пікірінше, ауыл шаруашылығын дамыту үшін үкімет стратегиялық мемлекеттік бағдарлама қабылдауы керек.
«Қазір бізде жалпы ішкі өнімдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі 5 пайызға жетпейді. Міне, осы көрсеткішті стратегиялық бағдарлама арқылы 15-20 пайызға жеткізу керек. Президент шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 50 пайызға жеткізуді тапсырды. Бұл салада қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Міне, осындай мәселелерді қоя білген жөн. Тағы бір айта кетерлігі, шағын шаруа қожалықтарына қаржы жетпей жатыр. Осы мәселені шешу үшін Қазақстанда агробанк құру керек», – деп толықтырды академик.
«Жалпы, қоғамда қордаланып қалған мәселелер бар. Жаңа бір мәселенің ұшы шықты. Сонда әр мәселе көтерілген сайын комиссия құра береміз бе? Мен бір жоба жасадым. Елбасының жанынан қоғамдық палата құрып, әр облыстан оған білімді азаматтардан мүше тағайындау керек. Сонда осындай мәселенің бәрін қоғамдық палата шешіп отыратын еді», – деп түйіндеді ол.
Жердi 49 жылға жалға берудi қайта бастау керек деген ұсынысты Жер реформасы жөнiндегi комиссияның басқа мүшесi Дос Көшiм де қолдады.
Отырыста сөз алған Комиссия мүшесі, жұмыс тобының жетекшісі Дос Көшім, қазірдің өзінде белгілі біраралық шешім шығаруға болады деп есептейді.
«Менiң ойымша, бiр аралық шешiм шықты және оны Парламентке беру керек сияқты. Ол – жердi жалға берудi қайта ашуымыз керек. Өйткенi, қазiр жердi жалға беру тоқтатылды ғой. Осы жерде сөйлеген азаматтардың бәрiнiң бiр нүктеден қосылған жерi – жердi 49 жылға жалға берудi әрi қарай жалғастыру қажет. Ешкім осыған қарсы болған жоқ, қайта бәрінің айтатыны осы. Осыны бiздiң аралық шешiм ретiнде Парламентке беруге болады», – дедi Дос Көшiм.
Бұдан бөлек, комиссия мүшесiнiң айтуынша, инвестиция мен жердi шетелдiктерге жалға беру мәселесiн шатастырмаған жөн.
«Менiң америкалық бiр жолдасым «1 млн доллар инвестиция берсем, бес жылдан кейiн жыл сайын маған 100 мың доллар қайтарып тұра ма?» деп сұрайды. Ол инвестиция салып, содан пайда табамын дейдi. Ал бiздiң қазiр айтып жатқанымыз – жердi шетелдiктерге жалға бермеу мәселесi. Бәрiн анықтап алайық. Инвестиция салу мен жалға берудің басын ашып алайық», – дедi ол.
Дос Көшімнің осы ұсынысын, комиссиядағы тағы бір жұмыс тобының жетекшісі Мұхтар Тайжан да қолдады. Ол да жерді қазақстандықтарға 49 жылға жалға беруді қолдайды және оны парламентке ұсыныс ретінде енгізуге болады деп есептейді. Тек жері тым көп, латифундитерге қатысты өз пікірін айтты.
«Жері 100 мың гектардан асып жатқан латифундистерге шара қолдану керек. Ол қандай? Мысалы, жерді жалға бергенде немесе сатқанда белгілі бір шектеу болуы керек. Егер сол шектеуден 2 есе көп жер алса, салықты да 2 есеге көбейту керек, үш есе көп пе, онда салықты да үш есеге көтеру керек. Міне, сонда біз латифундистерді де бақылап ұстай алатын едік», – деді Тайжан.