Әдебиет біреулердің оңды-теріс мүдделерін қорғау үшін өмір сүрмейді
2011 ж. 24 қаңтар
1661
0
Әдебиетіміздің әрмен қарай өрістеуіне, жаңалауына қандай реформалар қажет?Қабырғасы қаққа айрылған қазақ әдебиетінің мұңы мен қайғысы осы болса керек. Ендеше әңгіме арыдан болсын. Ә дегенде әңгімені әдебиет төркінінен бастауымыздың да өзіндік себептері бар: «Шығармалар жазылмай жатыр», кітап шығару мәселесі қиынға айналып барады». «Оқырман қауымға жетпей жатыр» деп дабыл қағудың да ауылы алыс емес дейік. Десе де мұның екінші, жағымды тұсы да бар. Егер оқырман деңгейін көркем шығармалар шыңдап, шын мәнінде көкке көтеріп жатқан болса Әдебиет көркемдігіне талғам-сұраныстың да, сын-сапаның да жоғарылауы деп мәселені жылы жабуға болар еді. Алайда...
Қазіргі әдебиетімізге «үшкіру емес, түшкіру қажет» (Ғ.Мүсіреповтың сөзі) Расында да, «әлденеге ұқсаған бірдеңелерді» (Гетенің сөзі) әдебиет сахнасынан түсіріп, шын мәніндегі таланттардың мекені ету тек сынның қолында болса керек. “Жабы емеспіз, тұлпармыз, құладын емес, сұңқармыз” дейтін қарымды жазушылар мен абыз ақындарымыз баршылық. Ендеше саралау мен даралау үдерісі жүзеге аспай жатқан себебін неден іздесек болады екен? Осы тұста кеңестік бір есік, бір тесік заманның ықпалы әлі де қазақ әдебиетінің майданында солақай сайранын құрып, сабалақ ойнап жүргеніне куә боламыз. Десе де, «кеңес» деген артық ауыз дақпырт басымызға жалы күдірейген жауызды елестетердей болған танымның өзі сол идеология қақпанының бір айғағы емес пе? Мұғдарына зер салсақ, бұл «қанды» дәуірдің бізге аласына жамылып келген бересі де бар екенін тарих бір ғана дәлелдеп берген жоқ еді ғой! Топ-тобымен, тобыр-тобырымен ала келген жаңашыл, шыншыл, адамзаттық ойлауды арқа тұтқан зиялы қауым өкілдерінің түлеуіне тілеу берген кезең дәл осы дәуір болғанын есте сақтауымыз керек еді. Алаштықтардан кейінгі буынның буынбасы болып саналатын (комунистік-большевиктік идеяның насихатшысы) М.Әуезовтан басталған жазушылар тізімін санамаласақ көп-ақ. Соғыс жылдарындағы қазақ әдебиеті. Оған соғыстан кейінгі қазақ әдебиетінің түлеген, одан барып дамыған, жаңаша әдебиеттің қалыптасуын қосыңыз! Рас. Ұлттық құндылықтар мен жәдігерлер соқпақ заманның салқынын құшты. Рас. Ұлттық рухтың езіліп жаншылған көрінісі шалағай жарма керегемізден сығалады. Ол көркем шығармада көрініс тапты ма деген ауыр сұрақ туындайды. Табылды да. (Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романын қараңыз). Бірақ оны айту, шындықты бағалау 16-шы желтоқсан желінен кейін ғана, өз қолымыз өз аузымызға жеткенде белең алғаны өкінішті болса да, ақиқат. Көнекті сырттан сұрауымыз көсегемізді көгертпесе де шыншылдығы шерменде күйі үнсіздікте қалған тұлғаларымыз да болды. Бірі шетел ауып, «жылы жаққа» бет түзесе, ал енді бірі «көк қағаз» санауға ден қойды. Мемлекеттің тарапынан талғамнан шыққандарға беріліп тұратын әдеткі қаламақы атымен жоқ. (Қазір бар ма екен? Әй, қайдам...) Ақын-жазушылардың қиял әлемінде көбелек ойнап, көк орай шалғын белге аунап жатып гүл иіскейтін мамыражай күндері түгесілді. Әдебиет деген дерт, жазушы жазбай тұрмайды! Жо-жоқ, бос сөз. Жапа-тармағай қаламдарын күрек пен кетпенге (ақша мен араққа деуге де болады) айырбастаған қасіретті күндер де өтті. Бұлай таусылуымызға не себеп дерсіз? «Мә, қоңқай» деп ұстата салатын толағай талантты тіршілік тәлкегіне теліп, қорлау, аяқ асты ету қалай да санаңызда дүр сілкініс туғызуға керек. Әйтпесе... Жә, ол басқа әңгіме.
Сонымен, ду-дүрмек даланың даналары том-томдап кітап жазуға кірісіп кеткен. Қуандық Түменбайдың сөзімен айтсақ, қазір ““кітап жазып жатырмын емес, сол кітапты қалай шығарам” әуені қалықтап жүр”. Баяғыдай 10-20 мың етіп шығармаса да, 500-1000 данамен шығарған, олары қалың қауымға жетпесе де жерде қалмаған, біздің байыбымызша, орны толмас жараны жазар, өлгені тіріліп, өшкені жанар жаңаша дем тудырған әдебиет қалыптасуға керек-ті. Әйтсе де, тасып, буырқанып аққан есіл өз арнасын былай қойғанда, шәті мен шәлекейінің аласын асырып, қайта кері аққандай бойкүйез қалыпқа келдік. Жабылмаған қазан жабылусыз қалды. Себебі қазақ әдебиетінің алтын төрі «діттегеніне жететін» ақын-сымақтар мен жалқы-жазушылардың мамырлайтын жайлауына айналған еді. Жылымық Жазушылар одағында сайрайтын «Қапшағайымды сағындым» әнінен тағай кептіресіз. Әйтеуір күштінің арты тиірмен тартадының кебімен шыққан авторлар марсельезасын бастап та кеткен: жалған сыйлықтар тапсыру, асығыс жасалған пікірлер, салмақсыз сындар, позициясыз пікірлер, ақшаға кітап жазу, бір салада басым, бір салада кемшін қорғалған диссертациялар, монографиялар, т.т. Қасірет емей немене? Қош. Жасынның жарқылындай жалындаған жастарға бұлай таусылуына не жорық дерсіз? Жоқ! Әлде де құзғын ілген жемнің аяғына жармасып бізде барады екенбіз. Сөзіміз де, тіпті ойымыз да солардыкі. Біріміз әуезовші болсақ, біріміз мұқановшы, ал бірде біріміз шахановшы болсақ, біріміз мағауиншіміз. Не даурық? Пенделікті көксетуге көндірген кеңестік идеология ғой десіп, Мұхаң мен Сәбеңді қойдық. Қазақ поэзиясы мен прозасының текетіресіндей болған «Мұхтар ағаларымыздың» ойлары бір жерден шықпады деуге келе ме? Жауына қарсы найза ала шапқан екі ағамыз да осы ұлтсыздануға қарсы боп, бірі «Ұлтсыздану ұраны», екіншісі «Ұлтсыздану марсельезасы» (еңбектерінің аттары да ұқсайды тегі!) еңбегін төгілдіре жазған жоқ па еді?! «Келеге түсеміз, талқыға түсіп, сөзге ілінеміз» деп, жүйелі сөзден тоқтамға келген қазақ бабам Мұхтар ағаларымдай болса кәне деп, бір жасап, екі жасап біз келеміз артта. Жалтақ-жалтақ күй. Топтар мен топшалардың артында мүддешілдік әдебиетті көріп, ұшы жоқ ұзын, түбі жоқ терең құрдымға кетіп бара жатқандаймыз. Қызыл сөзден бал жаққандай күйде болмайық. Әдебиет біреулердің оңды-теріс мүдделерін қорғау үшін өмір сүрмейді. Оқырманның зердесін улайтын кітаптар-ақ зеріктіргендей болады кейде. Ал осыдан кейін қазіргі жастар кітап оқымайды деп көріңіз. Бір сәтке оқымағаны да керек пе дерсіз. Шын сезімдерді: достық, махаббат, мұң, қуаныш, қайғы. Міне, оқырманға керегі де осы. Тек жаңаша, жаңа деммен жаза білу керек. Әрине, шиыршық атып келе жатқан жастар әдебиеті өз мұңымен келер. Әзелде көзтүрткі болып отырған біздің сұрақ қандай еді? «Сын өз деңгейінде ме?» Қазір әдебиетке сынның мін емес екенін (жаңалық болмаса да) дендеп кіргізу науқанын ұйымдастыру қажет секілді. Сыншы қауымның ұстанар негізгі принципі нысандағы жазушыны түсіну, барынша тану, зерттеу болмағы керек еді. Әйтсе де, өкініштісі де сол, жеті кентті құртқан пендешілік пайымның әдебиет сынының орнына жұмсалып жатқаны. Сол үшін де сын төрелігінен жаңылды. Ақты ақ деп, қараны қара деп айтуға имене сөз бастауымызға не шара? Тұқыл мүйізділердің ашуы жаман боладының кебін киген қарапайым қауымды қойып, жоғарыдағы әдебиет корифейлерінің бір де бір ащы сынын ести алмай келе жатқанымыз қызық. Қызық емес шыжық. Қаламы жортақ, ортаңқол жазушылар қазірде жоқ деп кім айта алар екен? Әйтеуір газет пен журнал бетін тисе терекке, тимесе бұтаққа деп шимайлап жатқан «шалағай шекспирлерге» кім жөн сілтемек? «Менің атам осындай да осындай, жазушы болған, менікі не жүріс?» деп, қырықтың қырқасынан асқан ақсақал-қарасақалдардың сырқат ойын, дақпырт данагөйшілігін кім тыймақ? Сонда қалай? Сапалы туындының «көкесі» қашан пайда болады екен деп, тілеулестің тезегін қу қапталдың қорасынан теруіміз керек пе екен?! Бағымыз емес, сорымызға айналған егемендік болғаны дейміз де қоямыз-ау ендігі. Тек жастарға обал.
Бір... Жоқ! «Зор кем дүние!»
Ардақ ҚҰЛТАЙ