Ақтөбе оқиғасы: Қылмыскерлердің бәрі "хор қыздары" тобына тіркелген
2016 ж. 08 маусым
5547
2
Ақтөбелік лаңкестердің "ВКонтакте" желісіндегі парақшалары анықтылып, олардың біразы о дүниеде хор қыздарын уәде ететін топта тұрғаны белгілі болды.
ОМАРОВ РҮСТЕМ МЕН РАХМЕТОВ АСХАТ
Әлеуметтік желідегі парақшаларда лаңкестердің бірі - Омаров Рүстем - діни мазмұндағы жазбаларды көптеп қалдырған.
Рүстем Омаров - қазір лаңкестікке қатысы бар деп айыпталып, іздеу жарияланған лаңкесшілердің бірі.
"Азаттық" сайтына берген сұхбатында Рүстем Омаровтың көршілері оның егде жастағы ата-анасы ауруханаға түскенін хабарлады.
Діндегі адамдардың дені жиһадта қаза тапқандарды жұмақта хор қыздары күтіп тұрады дегенге сенеді.
Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым Фейсбук әлеуметтік желісінде өз парақшасында өлтірілген лаңкестердің парақшаларын қарап шыққанын жазады.
"Мен тым рационалды ойлайтын адам шығармын, бірақ та қайтыс болғаннан кейін жұмақта 70 хор қызы күтіп тұрады дегенге онша сенбеймін. Жап-жас жігіттер, көбі отызға толмаған. Олар осы өмірде-ақ хор қыздарының түр-түрін көре алатын еді ғой", - дейді ол.
Саясаттанушы сондай-ақ елімізде соңғы уақытта болып жатқан оқиғаларды бағалай отырып, "мұның барлығы түрлі жағдайлар, бәрін бір адамға кеп тіреп қою мүмкін емес. Не де болса америкалықтардың алдында ыңғайсыз болды...(Қазақстандық кейбір БАҚ-тың жер митингілеріне қатысты "бесінші колоннаны" қаржыландырып отырған батыс елдері мен АҚШ деген айыптаулары мен АҚШ елшілігі алдындағы наразылық шарасын айтқан болуы керек - ред.)", - дейді.
Сонымен қатар танымал саясаттанушы, Президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин: "Соңғы оқиғалар кезіндегі жағдайларда, Фейсбук емес, ең алдымен Вконтакте желісін я тежеу, я мүлдем тоқтату керек. Негізі барлық жөнсіз, мәнсіз және қауіпті бәлекеттің бәрі сонда" - деп жазады өзінің әлеуметтік желібегі парақшасында.