Билік неге Ақтөбе оқиғасын қоянбұлтаққа салып отыр?
2016 ж. 07 маусым
4520
11
Әуелі мынаған назар аударып көрейікші. Жәйдан жәй көшеде бір топ содыр қару-жарақ сататын дүкенге шабуыл жасайды. Ол жерде екі адамды өлтіріп, өздеріне керекті қарудың жартысын ғана иемденеді. Дүкеннен шыққан соң көшедегі қоғамдық көлікті тартып алып, әскери бөлімшеге шабуыл жасайды. Осы жерде бір түсініксіз нәрсе, олар неге міндетті түрде әскери бөлімге шабуыл жасады? Есі дұрыс, дені сау, ақыл-есі бүтін адам қанша жанкешті, қанша террорист болса да басқа емес әскери бөлімге шабуыл жасай ма? Соңынан құзырлы органдардың мәліметі бойынша білгеніміздей барлығы да өрімдей жас балалар (1985-1990 жылғылар). Ал осы жастардың көзсіздікпен әрекет етуіне не себеп?
Енді мынаған назар аударыңыз. Қазақ «сасқан үйрек артымен сүңгиді» дейді. Айналасы бір күннің ішінде болған атысқа, не бары екі күнде төрт түрлі болжам жасап жіберу біздің биліктің тығырыққа тірелгені ме, әлде далбасалаған түрі ме?
Әуелі оқиға орын алған күні, яғни 5 маусым күні Ақтөбе оқиғасын ұйымдастырғандар дәстүрлі емес діни ағым ұстанғандар екен деді. Бұл болжамдары әлдекімдердің шамына тиіп, намысына батты ма, дереу «Қазақстанды азат ету армиясы» мойындарына алды деген қауасетті таратып үлгерді. Бұл болжамдарының шындыққа жанаспайтындығын болжағандай-ақ, «қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» деп түрмеде отырған сыра зауытының бұрынғы басшысына бас салды. «Бәрін ұйымдастырып жүрген сол екен. Тіпті ол осындай құйтырқылығымен билікті басып алмақшы болыпты» - деп пәтуа шығарып үлгерді. Сонда түрмеде отырып-ақ айдалада қарулы қақтығыс ұйымдастыра беретін болса, оны түрмеге жабудан не қайыр? Олай болатын болса, бостандықта жүрген қылмыскерлерден бәрін күтуге болады деген сөз бе?
Енді түк таппағандай жер мәселесімен байланыстыруды көздеп отыр. Апыр-ау, сонда бұл қанды қырғынның шынымен неден тұтанғанын, артында кім тұрғанын ешкім білмегені ме?
Билік неге бұл оқиғаға байланысты мәлметтерді қоянбұлтаққа сала береді?
Білісбек Шалов
qazaquni.kz