Қазақ тілді журналистер Бердібек Сапарбаевтан араша сұрады
2016 ж. 02 маусым
2322
4
«Ақтөбе ақпарат» орталығының мемлекеттік тілі ақсап тұр. Қазақтілді ақтөбелік журналистер мемлекеттік тілдегі ақпарат алудың қиын екенін айтып, жыларман күйде деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі.
Бір күнде бірнеше ақпарат тарата алатын орталықтан тілшілердің поштасына ақпарат алдымен ресми тілде жетеді. Оның аудармасы 5 сағаттан кейін, болмаса, ертеңіне түсуі мүмкін. Аудармашылық қызметті меңгеріп алған журналистер мемлекеттік тілдің екінші орында тұрғанына қынжылады.
«Ақпарат орталығы заң шығарушылар секілді жұмыс жасауға машықтанып алған. Жаңалықты орыс тілінде таратып, оны аударып отырады. Және оған түсіністікпен қарап, аударманы сабырмен күтуді сұрайды. Қазақтілді тілшілер аударманы азық қылып отыр. Жүрегі «қазақ» деп соғатын Бердібек Сапарбаевтың ақпарат орталығы неге қазақ тілінде ақпарат таратуға құлықсыз?», - дейді тілшілер.
Ақтөбе облысының әкімі мұнай компанияларының тізгінін ұстаған қытайлық басшылармен қазақ тілінде сөйлесіп, аударманы қазақ тілінде жасауды талап етіп, көпшіліктің ризашылығын алған еді.
Ресми тілдегі ақпаратты аударып отыратын жергілікті тілшілер облыс әкімінен «Ақтөбе ақпарат» орталығының тілін қазақ тіліне «сындырып» беруді сұрайды. Орталық ең болмаса «50-50» талабын сақтаса екен деген тілшілердің тілегі бар.