БІЛІМ БӘЙГЕСІНДЕ ОЗА ШАПҚАНДАР
2016 ж. 31 мамыр
4750
5
«Тілім менің тірлігімнің айғағы» атты ХVІ ауызша Республикалық олимпиаданың 1-орын иегерлері. Солдан оңға қарай Елдана Кеңес, Жансая Байжан, Әмина Жарылқасын, Әлина Жақжан, Жәния Тайжан.
Алматы облысы Талғар ауданына қарасты «Ақбұлақ» шипажайының ғимаратында Қазақстан Республикасы Кіші ғылым академиясы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Талғар ауданы Білім басқармасының ұйымдастыруымен республикалық «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы – тұлғаның қажеттіліктерін қанағаттандырудың тиімді жолы» атты форум мен ҚР Кіші Ғылым Академиясының «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша ХVІ республикалық ауызша командалық олимпиадасы өтті. Осы тұста шараға аймақтағы №49 орта мектеп мұғалімдерінің белсене араласқандығын айтуға тиіспіз. Олимпиадаға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Ақтолқын Құлсариева, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Аягүл Миразова, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті Ғалия Таубаева, Ш.Уалиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Тоқтабай Ахметов, Алматы технологиялық университетінің доценті Интық Шаяхметова, Павлодар облысы «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Ғаждембе Тұрсынов, Инновациялық Еуразия универсиеті Біліктілікті жетілдіру институтының директоры Майжан Тұрсыновалар қатысты. Сондай-ақ, шараға мектеп директорлары мен өңірлік «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының модераторлары қатысты. Білім сайысында республика бойынша 63 командадан 250 оқушы бақ сынады. Атап айтсақ, Астана қаласынан балабақша мен 1-8 сыныптар бойынша 33 команда 144 оқушы күні бүгінге дейін оқып түйгендерін ортаға салды. Ал, №66 мектеп-лицейінен 13 командадан 50 оқушы қатысты. Жарыстың бірінші бөлімінде командалар қазақ тілі, ана тілі, дүниетану, математика, қазақ әдебиеті, орыс тілі, ағылшын тілі, Қазақстан тарихы пәндерінен әр сынып бойынша белгіленген кабинеттерде ауызша командалық олимпиадада білімдерін сынады. Ал, білім додасының екінші бөлімінде ІІ-республикалық «Зерделі, зерек болашақ» атты инттелектуалды марафонда оқушылар Алаш арыстарының шығармаларын жан-жақты талдап, үй тапсырмасын тиянақты орындай білді. Білім сайысына қатысушылар өздерін зияткер тұлға ретінде жоғары деңгейде көрсете білгендігі көңіл қуантты. Білім додасының қорытындысы негізінде марапаттау рәсімі өкізілді. «Жүзден жүйрік мыңнан тұлпар» танылған талантты оқушыларға диплом мен арнайы кубоктар табысталды. Оқ бойы озық шыққан оқушыларды дайындаған жетекшілері де назардан тыс қалмай, арнайы Мақтау қағаздарымен марапатталды. Осынау дүбірлі додада, яғни «Тілім менің тірлігімнің айғағы» атты ХVІ ауызша Республикалық олимпиадаға белсене қатысқан Астана қаласындағы №66 мектеп-лицейінің оқушылары да топты жарып, жүйрік деп танылды. Атап айтсақ, Роза Шалова жетекшілік ететін Асылжан Телхожа, Малика Ескенова, Сұлупан Қалиева, Еркебұлан Кенжебек, Камила Беркұмбаева сынды оқушылардан құралған «Достық тобы» бас жүлдені иеленді. Ал, Күлдарай Нұпбаеваның жетекшілігіндегі Әмина Жарылқасын бастаған Алина Жақжан, Жансая Байжан, Елдана Кеңес, Жания Тайжан атты 3 «в» сынып оқушыларынан құралған «Бірлік» тобы жүлделі 1-ші орынды қанжығаларына байлады. Сондай-ақ, №66 мектеп-лицейінің бұдан өзге де топтары сайыс нәтижесі бойынша алдыңғы шептен көріне білді. Білім бәйгесінде оза шапқан озаттарды жеңістерімен құттықтаймыз!Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz