Ұлттық пантеон құрылысына республикалық бюджеттен қаржы бөлінбейді - Қуандық Бишімбаев
2016 ж. 27 мамыр
2465
0
ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Ұлттық пантеон құрылысына республикалық бюджеттен қаржы бөлінбейтіндігін мәлімдеді.
«Пантеонға ақша жоқ. Бұл мақсатта ешқандай ақша қарастырылған емес. Сіздерге осы жылдың бюджетіне құрылыс жүргізуге қаржы қарастырылмағандығын айта алам. Келесі жылға да көзделмеген», - деді ол бүгін ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесі отырысы аясында БАҚ өкілдеріне.
Айта кетейік, таяуда халықпен есептік кездесу өткізген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Астанада салынғалы жатқан ұлттық пантеонға қатысты пікірін білдірген болатын. «Бізде екі жыл бұрын ұлттық пантеонның құрылысы жайында қызу талқылаулар басталды. Әрбір елде ұлттық пантеон бар, сондықтан ол бізге де керек. Неге біз Париж, Баку сияқты қалаларға барғанда пантеон көреміз?! Себебі тарихта жоғары орынға ие болған ұлы тұлғалардың есімі келесі ұрпақтар үшін де қастерлі ұлттық мұра ретінде қалуы тиіс. Пантеонның құрылысы жөніндегі идея ұлы жазушымыз Әбіш Кекілбаев пен ақын Фариза Оңғарсынова дүниеден өткен кезде туды. Оларды туған жерлерінде ме немесе Астанада жерлеу керек пе деген сауал туындады. Сол кезде Астанада пантеон салу керек деген мәселе алдымыздан шықты. Сондықтан Астанада осындай пантеонның бой көтеруі дұрыс деп санаймын», - деген еді ол тілшілерге берген сұхбатында.
Дерек көзі: ҚазАқпарат