Нұрсұлтан Назарбаев адам капиталын дамыту қорын құруды ұсынды
2016 ж. 26 мамыр
3169
3
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ойынша, бүгінде дамушы және кедей мемлекеттердің экономикалық әлеуетін көтеру керек, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Осы орайда мен аталған әлеуетті қалыптастыру үшін бірнеше жаһандық бастаманы іске асыруды ұсынамын.
Біріншіден, біз дамушы және өте кедей елдердерде адам капиталын дамыту жұмысына негізгі басымдық беруіміз керек. Дені сау әрі сауатты адамдар болмаса, бірде-бір мемлекет дами алмайды. Демек, біз алдымен инноваторларды даярлауымыз қажет. Біз білім беру мен денсаулық сақтаудың тиімді жүйелерін қалыптастыру қаншалықты қиын екенін өз тәжірибемізден жақсы білеміз. Оған шыдамдылық, білім және қыруар қаражат қажет. Мен ойлаймын, Қазақстан ол жағынан жақсы жұмыс істейді. Бірақ осы жұмысты істей алмаған немесе істеуге күші жетпеген мемлекеттер баршылық. Осы проблеманы шешу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы бастамасымен адам капиталын дамыту қорын құруды ұсынамын. Кедей елдердің білім беру мен денсаулық сақтаудың сапасын көтеру аталған қордың негізгі мақсаты болуы қажет. ЮНЕСКО-ның мәліметіне сәйкес, жылда шамамен 50 млрд. доллар кедей елдердегі тек жалпы білім беру шараларына ғана жұмсалады. Бұл мәселені әлем қауымдастығының бірлескен әрекеті арқасында шешуге болады.
Екіншіден, экономикалық өсімнің регенерациясын жасау қажет. Бұл дегеніміз, табысты білім беру мен денсаулық сақтау саласына қайта құйып отырған жөн. Ол ақшаны қаржы ұйымдарына салғаннан, оның оффшорлық аймақта жатқаннан пайда жоқ. Бүгінде оффшорлық есеп-шоттарда 30-40 трлн. АҚШ доллары жатыр. Осы активтерге, кем дегенде, 1 пайыздық салық енгізілсе, кедей елдердің білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жаңа деңгейге көтеруге болатын еді. Аталған салықтан түскен ақшаны жаңа айтқан қорға жіберуге болады. Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банкі әлем экономикасын деоффшоризациясы бойынша тиімді шараларды ұсына алады деп санаймын»,- деді Н.Назарбаев IX Астана экономикалық форумының пленарлық мәжілісінде.
Үшіншіден, бүгінде экономикалық пайда табу жарысында экологиялық мәселелер тыс қалып жатады. «Климаттың өзгеруіне қарсы жаһандықбастаманы іске асыру маңызды. Дегенмен, басқа мәселелерді де ұмытпау қажет. Париж келісімі негізінде «жасыл» экономиканы дамыту және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бойынша арнайы жол картасын даярлауды ұсынамын. Аталған құжат аясында атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтарды азайтуды ғана қолға алмай, жердің құнарлығын, тұщы су мен биоортаны сақтау шараларын да іске асыру қажет. Дәл осы проблемалар дамушы елдер үшін маңызды болып отыр. Осы орайда тиісті міндеттемелерді дамушы мемлекеттер ғана емес, жаһандық корпорациялар да алуы тиіс», - дейді Н.Назарбаев
Дерек көзі: Baq.kz