Экс-министр жер дауына қатысты: Қазір мен «Бәйтеректе» жұмыс істеймін...
2016 ж. 26 мамыр
2957
5
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы, экс-министр Ерболат Досаев Астана экономикалық форумы аясындағы Қазақстанның жекешелендіру форумына қатысты, деп хабаралайды Baq.kz.
Айта кетейік, елімізде жер дауы көтерілгеннен кейін Ақордада өткен жиналыста президент Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі экономика министрі Ерболат Досаевқа сынға алып, жерге қатысты өзгерістерді халыққа дұрыс түсіндірмегені үшін ескерту жасаған болатын.
Досаев болса, кешірім сұрап, өз еркімен қызметтен кетті. Алайда халық арасында жер дауына министр ғана емес, депутаттар да жауапты деген пікір бар.
«Иә, қазіргі кезде «Жер туралы» кодекстің дау тудырған нормалары бойынша арнайы қоғамдық кеңес құрылды. Бұл өте дұрыс шешім болды. Комиссия билік пен халықтың кеңесетін алаң іспетті маңызды мәселелер бойынша ортақ шешімге келуге мүмкіндік беріп отыр. Алайда жазғы демалыс кезінде халық арасына шығып, өзекті деген мәселелерді түсіндіріп жүретін депутаттардың жергілікті алаңдары қайда? Сол заңды қабылдағандарына бір жарым жыл болды. Осы уақыттың ішінде елді аралап, ауыл шаруашылығы жерлерін аукцион арқылы сату мен жалға беру тетіктерін түсіндіруге болатын еді. Меніңше, жер дауына депутаттар да жауапты. Жерге қатысты өзгерістерді бірден түсіндіру керек еді», - дейді Ақмола облысы Ақсу-1 (бұрынғы Кварцитка - авт.) кентінің бұрынғы әкімі, зейнеткер З.Шіркенов.
Бүгінгі форум аясында тілшілер осы мәселені Досаев мырзаға жеткізді.
«Жер дауына министр ғана емес, депутаттар да жауапты деген пікірге қалай қарайсыз?» деген сұраққа Ерболат Досаев: «Қазір мен «Бәйтеректе» жұмыс істеймін...», - деп күліп кете берді.
Бұған дейін осы сұраққа сенатор Бірғаным Әйтімова да өз пікірін білдірген болатын.
Дерек көзі: Baq.kz