Мұхтар Шерім. КҮЛКІНІҢ ҚЫМЫЗЫН ІШТІК...
2016 ж. 25 мамыр
3993
0
Қазақ қалжыңды жақсы көреді. Сондықтан болса керек, «әзілің жарасса, атаңмен ойна..» деп жатады. Әзілің жарасса, әкіммен де «ойнап» кетесің кейде...
Күлкі туралы пәлсапа соғып, таңды таңға атыруға болады, сонау Эзоп дәуірінен бастап, Абайға дейін. Өзге халық: «Осылар несіне жетісіп күледі?» дейтін де шығар? Біз жетіссек те, жетіспесек те күлеміз. Күле береміз. Күлдіре береміз. Кейбір әзіл-сықақ театрлары көрерменін күлдіреміз деп әуреленеді. Қытықтайды, ақырында титықтайды. Ал, енді бір театрлардың қойылымдарын көргенде көзден жас ағып, әзілдері жаныңа жағып, көңіліңіз бір марқайып қалады. Солай ғой? Қазақстандағы саңырауқұлақтай қаптаған сатиралық театрлардың басын қосқан керемет іс шара өтті. Іштеріңіз сезіп отырған шығар, Ақтөбеде сатира сайыпқырандары жиналды.
«Айтқыштар Ақтөбеде» әзіл-сықақ театрларының жетінші фестивалі өтті дүркіреп. Бұрынырақта да өткен. Сол кезде мен әділ қазылар алқасының төрағасы болған едім. Бұл жолы мүшесі ретінде, қуанышым қойныма сыймай, жерге төгіліп, оны аттай, алқынып Ақтөбеге жеткенім бар. Қызық болды. Қызық болғанда, ғажап болды. Ғажап болғанда керемет енді. Ауызбен айтып жеткізе алмаймын. Осы жерден қайта салайыншы... Жо-жоқ, айта салайын... Содан біздің аяғымызды жерге тигізбеді. Нұрлыбек ініміз бен жігіттері кранмен іліп әкеткендей болды... Ия, ілтифаттарын айтамын да... Астанадан (әділ қазылар алқасының төрағасы) ұшып келген сатирик Көпен Әмірбекті де, мені де, басқа қонақтарды да, фестивальге қатысушы жастарды да жылы жүректерімен орап алып, ашқанда алақандарында, жұмғанда жұдырықтарында болдық. ((Жақсы мағынасында түсініңіздер..) Ақтөбенің өзінен жастарша жымиып, тақиясын баса киіп, сексенге сүйкенгелі тұрған ақсақалымыз Төрежан Мәндібай жетті. Әділ қазы болу үшін. Тал шыбықтай майысып, сыпайы сызылып , сатирик Ардақ Қонақбаева келді. Екі беті қызарып, көңіл күйі ұзарып, режиссер Мағзом Бақытжанов бірдеңеден құр қалатындай жымиып қояды. Опера және балет театрының бишісіндей шыр көбелек айналып, Нұрлыбек Жұбатқан жүр. Т. Ахтанов атындағы драма театрының «жаужүрек бір бала» директорын айтамын. Екі езуі құлағында. Күлгенде күтір-күтір жүгері жеп жатқандай... Маңдайынан арайланып таң атқандай... Құдайым-ау, сыпайылықтың , парасаттылықтың төресіндей болып , Қанат Айтбаев ініміз қасымыздан шықпады. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы, ҚР Мәдениет қайраткері Қанат Құдайбергенұлы Айтбаевты айтамын да...
Сатираны екі күн бойы тойладық. Екі күн бойы 14 театр мен 3 жеке орындаушылардың монологтары мен қойылымдарын тамашалап, тиісті бағаларын бердік. Біреу біреуден оза шабады, делебелері қоза шабады, бірі жететін жеріне дейін барады, бірі кейін қалады. Бәйге заңы солай. Сөз соңында айтарым-қатысушылар ақшалай және арнайы дипломмен марапатталды. «Бас жүлдені (150 000 теңгеден) «Ара-Атырау» әзіл-сықақ театры (Атырау, жетекшісі Н. Мәдиев.) мен «Керемет» әзіл – сықақ театры (Алматы, жетекшісі А. Сақатов) жұлқылап, жұлып алды. Бірінші орындар (100 000 теңгеден) тараздық «Талас таланттары» әзіл – сықақ театры мен ( жетекшісі М. Назаров.) Оңтүстік Қазақстан әзіл – сықақ және сатира театрына (жетекшісі Қ.Қарғабаев.) берілді. Ал, екінші орынды (75 000 теңгеден) Ш.Құсайынов атындағы Ақмола музыкалық драма театры (Көкшетау, жетекшісі Т. Көңбай.)) және «Шапалақ» әзіл – сықақ театры (Алматы,жетекшісі Н. Нұржанғали.) иеленді. Үшінші орындарға (50 000 теңгеден) Түркістан қаласынан келген Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ – түрік университетінің күлдірімпаздары (жетекшісі Ұ. Кулетова.) мен Оралдық «Тәтәй» (жетекшісі Н. Сартаев) , Қызылордаоық «Мереке-Думан» әзіл – сықақ отаулары (Ж. Болатбекова) қонжиды..
Сондай-ақ, «Ең үздік жеке орындаушы», «Ең үздік сахналық көрініс», «Ең үздік ер адам бейнесі» ,«Ең үздік әйел адам бейнесі» , «Көрермендер көзайымы» «Ерекше көзге түскені үшін» номинациялары да өз иелерін қуалап жүріп тауып алды...
Ақтөбеде дәстүрлі өтіп келе жатқан «Айтқыштар Ақтөбеде» жетінші фестивалы осылайша бәрімізге күлкі қымызын ішкізіп, «Хош болыңыздар, сатира сарбаздары мен әртістері! Қайта айналып келгенше!» деп қол бұлғап қала берді. Рахмет саған, Ақтөбе!
Мұхтар ШЕРІМ,
Шона Смаханұлы атындағы әдеби сыйлықтың бас жүлдегері,
Жазушы -сықақшы.
qazaquni.kz